Алла Тағала адамды ардақты етіп жаратқан. Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жанды өлімнен құтқарса, барша адамзатты құтқарғанмен тең» деп айтылған. Бұл аяттан адамның өмірін сақтау – ұлы сауап, Алланың разылығына жақын амал екендігі анық көрінеді. Медицина тілінде «трансплантация» (лат. transplantatio – ауыстырып қондыру) деп аталатын ұғым – адам мен жануардың мүшелері мен тіндерін бір организмнен (донордан) екіншісіне (реципиентке) ауыстыруды білдіреді.
Шариғатта мұндай амалға белгілі шарттармен рұқсат берілген. Яғни, адамға қорлық келтірмейтін жағдайда және тиісті талаптар толық орындалғанда ғана донорлық жасауға болады. Бұл – адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін игі амал. Осы тақырып аясында Жамбыл облысы, Қордай ауданының, аудандық «Қордай» мешітінде, ұстаз Нұрсұлтан Атамбаев жамағатқа «Донорлық жасаудың шариғаттағы орны» жөнінде түсіндіру дәрісін өткізді.
Кездесуде донорлықтың қоғамға берер пайдасы, шариғаттағы үкімдері, шарттары мен шектеулері кеңінен баяндалды. Жамағат көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, тақырыптан тағылымды ой түйді. Алла Тағала баршамызға адамзатқа пайдалы болуды, көркем мінезбен өмір сүріп, сауапты амалдарда алда болуды нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі