Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім Мені баласынан, әкесінен және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болмайды», – делінген. Бұл хадисті естіген Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Сені жанымнан басқаның бәрінен артық жақсы көремін», – деп жауап берген еді.
Сонда Алла елшісі оған: «Мені жаныңнан да артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болып саналмайсың», – деп иман кемелдігінің өлшемін түсіндірген. Ақырында Омар (оған Алла разы болсын): «Енді Сізді жанымнан да артық жақсы көремін», – дегенде, Пайғамбарымыз: «Міне, енді сүйіспеншілік кемеліне келді», – деп қуантқан. Осы мәнді оқиғаға орай, Мәуліт айының құрметіне Жамбыл облысы, Қордай ауданының, аудандық «Қордай» мешітінде арнайы шара өтті.
Ауданның бас имамы Алмұханбет Егізбаев әйел-қыздар ұстаздарын және мешіттің нәзік жандылар қызметкерлерін Мәуліт айымен құттықтап, сый-сияпат табыстады. Жиында Мәуліттің мұсылман жүрегіндегі орны мен Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілікті арттырудың маңызы айтылды. Бас имам дұға жасап, әрбір отбасының амандығын, бала-шағаның бақытын, елдің тыныштығын тіледі. Алла Тағала баршамыздың жүрегімізді нұрға толтырып, отбасымызға бірлік пен береке нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі