Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаны жай тапқанша үмметіне деген үгітін еш үзген емес. Ол адамдардың жүрегіндегі кірді кетіріп, қайғы-қасіретіне медет болып, әлсізді қолдады, шектен шыққанды сабасына түсірді. Күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндіріп, зұлымдық пен надандықтың қараңғылығын сейілтті. Ізіне ергендерді жасампаздыққа, жарқын болашаққа бастады.
Артында Құдай Тағаланың кәләмі – Құран кәрім мен өзінің сүннетін қалдырып, түні күндей жарқыраған, рухани соқырдан өзгеге адаспай табылатын сара жолды көрсетіп кетті. Оны досы да, дұшпаны да мойындады. Есімі аталғанда еріксіз құрметпен бас иілді. Оның бетіне басар ешбір айып табылмады. Сөзі мен ісінің шынайылығына қарсы ешкім уәж айта алмады. Өйткені ол – екі дүниенің сардары, әлемдерге жіберілген рақым нұры, адамзат ұрпақтарының ішіндегі ең абзалы, Жаратқан Иенің сүйікті құлы әрі ардақты Елшісі еді.
Қыркүйек айының қарсаңында, Мәуліт кешіне орай, Қордай ауылының «Рахман» мешітінде, аудандық «Қордай» мешітінің найб имамы Әнебеков Жанұзақ Рысбекұлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен сыр шертіп, жамағатқа тағылымды уағыз айтты. Айтулы шараға ауданның ауыл-аймақтарынан жиналған жамағат қатысып, Мәуліт кешінің мән-мағынасына қанығып, рухани азық алды. Ізгі амалдар мен дұға тілектер қабыл болсын!
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі