Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Досымжанұлының бастамасымен жамағатты діни жат ағымдардан сақтандыру жұмысы жасалуда. Аудандық мешітте Ақыртөбе мешітінің ұстазы Саян Батырұлы жамағатқа жат ағымдардан сақтанудың жолдарын айтып, насихат жасады.
Саян ұстаз насихатында: «Қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Қазақ халқы осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып, келініні құрмет ретінде атасына сәлемін де салған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған.
Алла Тағала адамзатты тура жолмен жүру үшін, оған ақ пен қараны айыратын өлшем – Құран мен сүннетті түсірді. Сол тура жол – үмметті бірлікке, бейбіт өмірге, өзара құрмет пен сабырлылыққа шақырады. Алайда, заманымызда осы асыл дінімізді бұрмалап, өзге бағыттарға тартқысы келетін радикалды, шектен шығушы ағымдар да пайда болуда,- деп, ескерте кетті.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі