Өрнек ауылы, "Өрнек" мешітінің молдасы Әсет Сулейменов мешітке жиналған жамағатқа "Дін мен дәстүр егіз ұғым" тақырыбында танымдық насихат жұмысын жүргізді.
Дін, діл, дәстүр – халқымыздың жаны мен жүрегі. Бір ғана мысал айтайын: "Бала күнімізден дастарқан үстінде нанның қиқымын жинап жеп қоюшы едік. «Нанды жерге тастауға болмайды, обал болады» деген сеніммен өстік. Бұл – ата-бабадан жалғасқан дәстүрдің бір көрінісі. Енді астарына үңілсек, дәл осы мәселе хадисте де айтылғанын көреміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нанға құрмет көрсетіңіз. Өйткені ол Алла Тағала тарапынан аспанның берекеті болып бізге келген. Ал кімде-кім жерге түскен қиқымды алып жейтін болса, оның күнәсі кешіріледі" дейді. Қазақ осындай хадистерге сүйене отырып «нанды баспа», «обал болады» деп ұрпағын тәрбиеледі" деп сөзін дәйектеді имам.
Біз жалпыадамзаттық құндылықтар бар екенін жақсы білеміз. Адамгершілік, адалдық, бауырмалдық секілді қасиет қай қоғам үшін де қажет. Осы құндылықтың бәрі де түптеп келгенде, дінмен ұштасады. Өйткені адам Құдайға сеніп, бұларды табиғи түрде қабылдайды. Біздің дініміз де соған үндейді. Пайғамбардың өзі жердегі адамдарды көркем мінезбен кемелдікке жеткізу үшін жіберілгені мәлім. Біз дінді ешқашан қоғамнан бөлек қарастыра алмаймыз.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі