الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Ислам – мейірім мен қамқорлық діні. Ол қоғам мүшелерінің арасындағы жанашырлық пен жәрдемдесуді негізге алады. Ал ата-анаға құрмет көрсету, оларға жақсылық жасау және қамқорлық таныту – исламдағы негізгі қағидалардың бірі. Шариғатымыз – ата-ананы сыйлауға қатысты нақты аяттар келген. Бұл – Жаратушының бұйрығы. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:
وَقَضَى رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا
«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайсы, (оларды жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «уф!» деп те айтпа, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!», – деген («Исра» сүресі, 23 аят).
Ата-анаға құрмет көрсету – исламдағы ең ұлы құндылықтардың бірі, әрі оның рухани жүйесінің негізін құрайтын басты тіректердің қатарында. Ислам діні ата-ананы ұлықтап, оларға ерекше ілтипатпен қарауға, сыйлап-құрметтеуге, қадірлеуге шақырады. Ата-анаға жақсылық жасау – Алла Тағаланың разылығына жетудің, әрі бұл дүниеде де, ақыретте де адамның табысқа жетуінің негізгі себептерінің бірі.
Ислам діні ата-ананың құқықтарын кең аяда бекітіп берген. Бұл құқықтар тек материалдық қамтамасыз етумен шектелмей, олардың рухани, психологиялық және әлеуметтік жағдайларын да қамтиды. Ата-анаға деген қарым-қатынас – тек көмек көрсетумен шектелмейтін, жан-жақты мейірім мен құрметті талап ететін кешенді міндет.
Бірінші: отбасындағы ата-ана құқығы
Осы құқықтардың ішіндегі ең маңыздысы – құрмет көрсету және ілтипат таныту құқығы.
- Құрмет пен ілтипат құқығы
Ата-ананы ұлықтау, қадірлеу және оларға шынайы құрмет көрсету – әрбір перзенттің басты міндеттерінің бірі. Бұл құрмет – сыпайы және жұмсақ сөйлеуден, қатқылдық пен дөрекіліктен аулақ болудан, қыңырлық пен қарсыласуға бармаудан, Алланың әміріне тікелей қайшы келмейтін істерде оларға бойұсынудан айқын көрінеді. Ата-ананы сыйлау – бұл жай ғана мәдени норма емес, бұл – Алланың бұйрығы. Бұл міндетті орындау арқылы адам Раббысының разылығына жақындайды, ал егер бұған салғырт қараса – Раббысының ашуына душар болуы мүмкін. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде:
رِضى اللَّهِ في رِضى الوالِدَينِ ، وسَخَطُ اللَّهِ في سَخَطِ الوالدينِ
«Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында», – деген (имам Термизи).
Ұлы Абай атамыз өзінің 29 қара сөзінде: «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек», – деп айтылған сөзінің салмағы неткен ауыр десеңізші. Ата-ананың орны бала үшін ең қымбат болуы керектігін кескінді, әрі тұщымды түрде нақты жеткізгені анық.
- Нәпақа құқығы:
Егер ата-ана кедейлік жағдайында болса немесе өз күнін өзі көруге шамалары жетпейтін күйде болса, онда перзенттер олардың нәпақасын өтеу, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті. Бұл – перзент үшін шариғат белгілеген құқық әрі міндет. Ислам діні ата-ананың осы қажеттілігін өтеуге күш-жігер жұмсауға, оларды тек материалдық тұрғыдан ғана емес, моральдық және рухани жағынан да қолдауға барынша ынталандырады. Ата-ананы асырау – тек ізгілік емес, ол – құлшылық пен сауаптың жолы.
Қисса
Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла оған разы болсын) былай баяндайды: «Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:
- Уа, Алланың Елшісі! Әкем менің мал-мүлкімді алып қойды, – деді.
Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған:
- Онда әкеңді маған алып кел, – деп бұйырды.
Сол сәтте Жәбірейіл (Алланың оған сәлемі болсын) түсіп келіп:
- Аса ұлық Алла саған сәлем жолдайды және әлгі қария келгенде, оның жүрегінде жасырын қалған бір сөз жайында одан сұрауды әмір етті, – деді.
Кейін әлгі қария келгенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан:
- Неге ұлың шағымданып келді? Сен шынымен оның мал-мүлкін алып қойдың ба? – деп сұрады.
Сонда қария:
- Уа, Алланың Елшісі! Одан сұраңызшы, мен ол мүлікті өзіме немесе апа-қарындастарына (яғни оның әпкелері мен тәтелеріне) жұмсағанымнан басқа бір жерге жұмсадым ба?! – деп жауап берді.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді:
- Жарайды, мұны қоя тұрайық. Маған сенің жүрегіңде қалып қойған сөзіңді айтып берші? -деді.
Қария айтты:
- Уа, Алланың Елшісі! Алла Тағала сені бізге жіберіп, жүрегімізге айқын сенім орнатқандығы ақиқат! Мен бір сөзді тек жүрегімде ғана айтып едім, оны өз құлағым да естіген жоқ, – деді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
— Айт, мен сені тыңдап тұрмын, – деді.
Сонда қария өлең жолдарын оқи бастады:
- Дүние есігін шыр етіп сен ашқаныңнан,
Ер жеткенше табылдым ғой мен жаныңнан.
Табысымның барлығын тек сен үшін деп,
Ішіп жемей, саған дедім бар напақам!
Түн ортасы сәл ауырып оянсаң сен,
Соңғы демді жұтқанымдай сезінер ем,
Сен ауырсаң сары уайым бойымды алып,
Жаныма тек көз жастарым тіреу болып.
Міне енді, үміт артқан жасқа келдің,
Әкең байқұс, сен үшін деп өмірі өткен...
Еңбегімнің қайтарымы дөрекілік тек,
Мейірімсіз, қаталдықпен қатты сөйлеп,
Бала алдында әкенің де ақысы бар,
Ең болмаса көрші құрлы сыйын табар.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы сөздерді естігенде, көздерінен мөлт-мөлт етіп жас парлай жөнелді.
Сол сәтте қарт тағы сөзін жалғады:
- Менің ұлым бала кезінде әлсіз еді, ал мен күшті болдым. Ол кедей болды, ал мен бай болдым. Сол кездерде мен одан ештеңені аямадым. Бүгінде жағдай керісінше: Мен – әлсізбін, ол – күшті, мен – кедеймін, ол – бай. Бірақ соған қарамастан, ол маған дүние беруге сараңдық етеді, – деді.
Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз жасын ұстай алмай жылап:
- Бұл сөзді тас та, топырақ та естісе, көз жасын тыя алмас еді! – деді.
Сосын ұлға қарап, анық әрі батыл үнмен:
- Сен де, мүлкің де әкеңдікі, – деп кескінді үкімін айтты.
- Дұға ету құқығы:
Ата-анаға дұға жасау – оларды құрметтеудің ең жоғары көріністерінің бірі болып саналады, әсіресе олардың қайтыс болғанынан кейін. Өйткені олар перзенттің дүниеге келуіне және тәрбиесіне себеп болған жандар. Қазақ халқында: «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөз бар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ أَبَرَّ الْبِرِّ أَنْ يَصِلَ الرَّجُلُ وُدَّ أَبِيهِ
«Құрмет көрсетудің ең жақсысы – адамның әкесінің жақсы көрген адамдарымен араласуы», – деген (имам Мүслим).
- Хабар алып тұру және зиярат ету құқығы:
Перзент ата-анасының жағдайын үнемі біліп тұруы, оларды жиі зиярат етуі тиіс, әсіресе жастары ұлғайған немесе ауырып қалған кезде, өйткені бұл – ата-анаға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың нақты көрінісі.
- Ата-ананың мінез-құлықтарына разылық таныту
Кейде ата-ана тарапынан баласына ауыр тиетін сөз не әрекет болуы мүмкін. Алайда, ата-анаға құрмет көрсету жолында мұндай қиындықтарға сабыр ету – перзент үшін міндет.
- Туыстық байланысты сақтау
Туыстық байланысты сақтау – ата-анаға құрмет көрсетудің бір көрінісі болып табылады. Сондықтан перзенттер бауырларымен, әпке-қарындастарымен және барлық туыстарымен жақсы қарым-қатынасты сақтауы тиіс.
- Жақсы мәміле жасау
Перзент ата-анасымен мейіріммен, жұмсақтықпен сөйлесуі,
олардың сезімін, қажетін ескеріп, оларды ренжітетін немесе мазасын кетіретін кез келген әрекеттен аулақ болуы тиіс.
Екінші: ата-ананың бала алдындағы міндеттері
Ата-ана мен перзент арасындағы қарым-қатынас – Жаратушы бекіткен ең қасиетті, ең жауапты байланыстардың бірі. Ислам діні бұл байланысты тек табиғи сүйіспеншілік деңгейінде ғана қалдырмай, оған нақты құқықтар мен міндеттер жүктеу арқылы терең рухани және әлеуметтік маңыз берді. Ата-ананың перзент алдындағы жауапкершілігі – бір күндік парыз емес, өмір бойғы аманат. Бала – отбасының ғана емес, бүтін ұлттың ертеңі. Сондықтан да, ұрпаққа дұрыс тәрбие беру – қоғамның негізін қалаумен тең.
Қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде бұл жауапкершілік айқын әрі нақты баяндалған. Ғұламалар да бұл мәселеге жіті назар аударып, ата-ананың баласына деген құқықтарын жүйелеп, үмбетке ұсынған. Бұл құқықтар әрбір мұсылман үшін орындалуы тиіс құлшылық сипатындағы міндеттер.
Төменде келтірілген мәтінде – баланың дүние есігін ашқан сәтінен бастап, есейіп, өз бетінше өмір сүре алатын деңгейге жеткенге дейінгі аралықта ата-ананың мойнындағы бес маңызды міндет сөз болады.
Ғалымдардың пікірінше, әкелердің балалары алдындағы бірнеше маңызды міндеттері бар. Солардың негізгілері мыналар:
- Салиқалы ана таңдау
Баланың болашағы үшін ізгі, текті отбасынан шыққан, иманды әрі
көркем мінезді әйелді таңдау қажет. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
تَخَيَّرُوا لِنُطَفِكُم ، فَانكِحوا الأَكفَاءَ و أَنكِحوا إليهم
«Өз ұрпағыңыз үшін жақсы (ана) таңдаңдар. Теңдеріңе үйленіңдер, теңдеріңе қыз беріңдер», – деген (Ибн Мәжа).
Тағы бір хадисте:
تُنْكَحُ المَرْأَةُ لأَرْبَعٍ: لِمَالِهَا، وَلِحَسَبِهَا، وَلِجَمَالِهَا، وَلِدِينِهَا، فَاظْفَرْ بذَاتِ الدِّينِ
«Әйелге төрт сипатқа қарап үйленіледі: байлығы үшін, тегі үшін, сұлулығы үшін және діндарлығы үшін. Сен діндар әйелді таңда», – деген (имам Бұхари).
- Жақсы есім қою
Балаға мағыналы әрі көркем есім беру – ата-ананың міндеті.
- Нәпақа (қажетті қаражатпен қамтамасыз ету)
Егер бала мұқтаж болса, оны азық-түлік, киім-кешек сияқты күнделікті қажеттіліктермен қамту – әкенің міндеті. Алла Тағала қасиетті Құранда:
...وَعَلَى الْمَوْلُودِ لَهُ رِزْقُهُنَّ وَكِسْوَتُهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ...
«Аналарының тиісті тамағы мен киімі әкелеріне міндет», – деген («Бақара» сүресі, 233-аят).
- Тиісті тәрбие мен имандылық тәлім беру
Балаға Ислам негіздерін, әсіресе парыз амалдарды үйрету – ата-ананың жауапкершілігі. Пайғамбарымыз (соған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде былай дейді:
مَا نَحَلَ وَالِدٌ وَلَدًا مِنْ نَحْلٍ أَفْضَلَ مِنْ أَدَبٍ حَسَنٍ
«Ешбір әке баласына көркем әдептен артық жақсылық берген емес», – деген (имам Термизи).
- Балалар арасында әділдік
Ата-ана балаларына деген махаббат, мейірім және сый-сияпат мәселесінде әділетті болуы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
...اتَّقُوا اللَّهَ، وَاعْدِلُوا في أَوْلَادِكُمْ...
«Алладан қорқыңдар және балаларыңның арасында әділ болыңдар», – деп ескерткен (имам Мүслим).
Қорытындылай келе Алла Тағала Өзінің әділеттілігімен, қалай баланы әкеге бағынуға міндеттесе, сол секілді әкенің де перзент алдындағы жауапкершіліктерін бекіткен.
Құрметті жамағат!
Ата-анаға құрмет – Ислам дініндегі ең ұлы құндылықтардың бірі, әрі берекелі, тату қоғам құрудың басты себептері болып саналады. Бұл ұлық қасиет қазіргі қоғамдағы жедел әлеуметтік өзгерістер аясында елеулі сынақтарға тап болса да, оның маңыздылығы еш кемімейді.
Жеке адамдар да, бүкіл қоғам да осы құндылықты жаңғырту үшін бар күшін салуы тиіс, ол білім беру, тәрбиелеу, ақпараттық-ағартушылық жұмыстар арқылы жүзеге асуы қажет. Сонымен қатар, перзент пен ата-ана арасындағы өзара қолдауды, түсіністік пен қамқорлықты жүйелі түрде дамыту қажет. Ата-анаға құрмет көрсету құндылығын қайта жандандыру берік отбасын және мызғымас қоғамды қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Осылайша, ата-анаға деген құрмет – рухани байлығымыздың ұйытқысы, ұлт болашағының берік тірегі. Ата-ананы сыйлау арқылы ғана біз кемел отбасы, тату қоғам құра аламыз. Сол себепті, бұл ұлы дәстүрді бойымызға сіңіріп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра берейік. Әумин!