Әсілінде дәстүрлі дін – біздің дара жолымыз. Бізді басқа мұсылман халықтарынан да ерекшелеп тұрған да – дәстүрмен үйлесім тапқан діни бағдарымыз. Ислам дінін біздің бабаларымыз 1270 жылдан бастап қабылдап, асыл дінді рухани тірегіне айналдырды. Қарахандар мемлекетінің негізін қалаған Сатұқ Боғра хан 955 жылы Ислам дінін қабылдап, асыл дініміздің таралуына жағдай жасаса, 960 жылы Мұса қағанның кезінде Ислам мемлекеттік дін болып жарияланды. Міне, сол кезден бастап Мәуераннахр аймағы ғылым мен мәдениеттің орталығына айналды. Орталық Азиядағы түркі халықтары Ислам дінін қабылдау арқылы әлемдік өркениет пен ғылымға үлкен үлес қосты. Соның арқасында қазақ даласына Ислам өркениеті келді. Ұлы дала төрінде медреселер мен ғылым ошақтары бой көтерді.
Исламның келуі арқылы Орталық Азияда білім-ғылым қанат жайды. Мешіт-медреселер ашылып, білімнің таралуына жағдай жасалды. Медреселерде дін ғылымымен қатар филология, логика, математика, астрономия, медицина, философия секілді ғылым салалары оқытылды. Орталық Азиядан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Хусамуддин ас-Сығанақи секілді ғалымдар шықты. Сондай-ақ Фараби, Бируни, Ибн Сина, Хорезми секілді ғұламалар шығып, өркениет тарихындағы өз орнын айшықтады. Олар хақ дінге сүйене отырып, ғаламның тылсым құпиясын ашты. Олардың ашқан жаңалықтары мұсылман әлемін нұрландырып, сәулелендіре түсті.
Дінге ақыл-парасатпен қараған адам әрдайым Құранға жүгінеді. Әрбір сұрағына жауапты Құраннан іздеп табады. Себебі Құранда «Ақыл иелері үшін ғибрат бар» («Әли Имран» сүресі, 190–191 аяттар) делінген. Құран әрдайым адамды ойлануға, зерделеуге, пайымдауға шақырады. Ал дүниеге ақыл-парасатпен қараған адам рухани бағдарынан айырылмайды. Себебі дін соқыр сенім емес, ол – адамның ақылын қолдануды қажет ететін ілім.
Ақыл – шариғат негіздерінің бірі. Шариғатта ақылмен ой қорытуға тыйым салынбайды, керісінше ақыл арқылы ақиқатқа жетуге шақырады. Сондықтан ақыл-парасатпен қарау фанатизмнің алдын алады. Ақылсыз қабылданған дін фанатизмге, тіпті радикалдыққа ұрындыруы ғажап емес. Сол себепті де Президент жат діни көріністерді қоғамға таңуға тырысып жүрген жандарды дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл деп айшықтады. Ал егер дінді парасатпен ұстанса, ол адамның бойынан құндылық пен ізгіліктің, көркем әдеп мен имандылықтың ұшқыны көрініс табады.
Парасатты адамға ақылдың өзі жеткіліксіз. Ақылға қоса жүрек пен жігер керек. Хакім Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек», дейді. Алла Тағала адам баласын ақыл иесі етіп жаратқан. Ал сол ақылды жылытатын – жүрек, жігерлендіретін – қайрат. Ендеше, бұл үшеуі бірге болған кезде адамзат үлкен жетіктіктерге жетеді. Осы үшеуін өн бойына жия білген адам – нағыз кемел адам. Дінге ақыл-парасатпен қарау қоғамды бөлінуден сақтап, бірлікке жол ашады. Себебі ақылсыз сенім – әлсіз, парасатты сенім берік болады.
Исламда «ижтихад» деген ұғым бар. Құран мен сүннетте тура нұсқау табылмаған жаңа мәселелерге діннің негізгі қағидаларына сүйене отырып, ақылмен үкім шығаруды «ижтихад» деп атайды. Шариғатымызда нақты жауабы жоқ мәселелердің жауабын ой жүгіртіп, ақыл таразысына салып, тұжырым жасауға рұқсат берілген. Хакім Абай да бұл ойды: «Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?» деп тұжырымдайды. Еркін ойлау қоғам үшін аса маңызды. Терең ой түю арқылы адам жалған сенімдерге, догмаларға ұрынбайды. Әр әрекеттің, әр сөздің жауапкершілігін білген адам парасатпен ойланып, дұрыс шешім қабылдайды. Сондықтан еркін ойлауды жалған сенімнен құтқарып, ақиқатқа жетелейтін жол деп білу қажет. Себебі еркін ойлау адамды жетілдіріп, қоғамды алға бастайды.
Шынында дәстүрлі Ислам – біздің берік қорғанымыз, елдің бірлігі мен ынтымағын, тұрақтылығы мен татулығын сақтаудың тетігі. Шариғатпен үйлесім тапқан салт-дәстүрімізді насихаттауда да дін мамандары аянбай қызмет етіп келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу бағытында бірқатар маңызды бастаманы қолға алды. Мамыр айында Астана қаласында «Қазақ даласындағы дәстүрлі Ислам құндылықтары» тақырыбында VI республикалық имамдар форумы өтіп, аталған жиында «Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» және «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» деп аталатын қоғам үшін өзекті екі құжат қабылданды.
Сонымен қатар Алматы қаласынан ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтын ашып, ғасырлар қойнауынан жеткен рухани-діни көне қолжазбалар мен ескі кітаптарды зерттеп-зерделеу, оларға ғылыми сараптама жасап, ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Діни басқарма жанынан «Дін мен дәстүр» бөлімі ашылып, жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Әсіресе 2024 жылды діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялап, осы жыл аясында бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырдық. Ал 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялап, атаулы жыл аясында отбасы құндылығын дамытуға басымдық беріп отырмыз.
Бұған қоса дәстүрлі Ислам құндылықтарын жаю мақсатында Діни басқарманың бастамасымен «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Ихсан – рухани тәрбие негізі, «Дін мен дәстүр» (ІІІ томы), т.б. кітаптар оқырманға жол тартты. Құран мен сүннетке негізделген, салт-дәстүрмен сабақтасқан, ұлттық ерекшелікке негізделген дәстүрлі Ислам – діни бірліктің кепілі ғана емес, сонымен қатар жат ағымдардан қорғайтын қалқан. Сондықтан дәстүрлі Исламды халықтың рухани іргетасы деп біліп, ұлттық болмысты сақтап, дінді дұрыс ұстанудың кепілі ретінде қарастыруымыз қажет.
Бізді ғасырлар бойы бірлікке, татулыққа, парасатқа жетелеген дәстүрлі дін болашақта да елдегі рухани тұрақтылықтың кепілі болары анық. Себебі мұнда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен біртұтас мәдениеті бар. Олай дейтініміз, дәстүрлі Ислам құлшылық қана емес, ол – күнделікті өмір мәдениеті. Себебі халқымыздың тұрмыс-салтындағы қазақтың ас беруі, қариялардың бата беруі, жеті атаға дейін қыз алыспау секілді дәстүрлер дінмен үйлесім тауып, өміршең сипатқа ие болған.
Әрине, қазақ топырағына Ислам діні келгенге дейін Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалаларда (Тараз, Сайрам, Отырар, т.б.) түркі өркениеті қалыптасты. Бұл өркениет түркі және әлем тарихының маңызды бөлігі саналады. Ислам діні келген соң бұл мәдениет жаңа деңгейге көтерілді.
Бүгінде мемлекетіміз Ислам дінінің құндылықтарын қорғауға атсалысып келеді. Сонымен қатар діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп, аталған жиынды дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналдырды. Сондай-ақ Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі ретінде мұсылман әлеміндегі ынтымақтастықты нығайтуға, Исламның бейбіт және әділ көрінісін қалыптастыруға, әлемдік мұсылман қауымдастығының мәдени мұрасын сақтауға және зерттеуге, әлемде бейбітшілік орнату мақсатында Ислам мемлекеттері арасындағы саяси диалог пен келіссөздерге қолдау көрсетуге үлес қосып келеді.
Алла Тағала дін Исламға күш-қуат беріп, еліміздің ертеңі жарқын болғай!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти