"Жүніс молда" мешітінде әйел жамағатына арналған "Отан – қуат, отбасым – шуақ" тақырыбында тағылымы мол семинар өтті. Семинардың басты мақсаты – әйел-аналардың отбасындағы рөлі мен Отан алдындағы жауапкершілігін насихаттау, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу болды.
Шараға мешіттің ұстаздары, жергілікті ақжаулықты аналар, жас келіншектер мен қыз-келіншектер қатысты. Семинарды мешіттің әйел жамағатына дәріс оқитын ұстазы ашып, Отан мен отбасы – бір-бірінен ажырамас құндылықтар екенін, қоғамдағы тәрбие мен тұрақтылық ең алдымен анадан басталатынын ерекше атап өтті.
Семинар барысында қатысушылар: Ислам дініндегі отбасы құндылықтары, Ана мен әйелдің қоғамдағы орны, Отанға деген сүйіспеншілікті ұрпаққа сіңіру жолдары, Тәрбиелі ұрпақ өсірудің маңыздылығы жөнінде ой бөлісті.
Сонымен қатар қатысушылар өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, келелі пікірлер айтты. Тақырып аясында шағын сұрақ-жауап, пікір алмасу бөлімдері ұйымдастырылды.
Шара соңында қатысушыларға арнайы рухани әдебиеттер таратылып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Әйел жамағаты ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай рухани-танымдық жиындардың жиі өткізіліп тұруын тіледі.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі