Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Байзақ ауылдық «Тілеш қажы» мешітінің жамағатымен кездесіп, «Дәстүр халық қазынасы» тақырыбында насихат айтты.
Қанат Әділханұлы насихатында: «Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Мұндай алуантүрлілік Алла Тағаланың хикметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресі,13-аятында:«Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан.
Демек, Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін танулары арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі бір, барлығы Адам атадан тарайды. Мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт пен ұлыстардан құралған. Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері мен мәдениеті бар», - деді.