Жамбыл облыстық Дін мен дәстүр бөлімінің жетекшісі Ғарифулла Қуанышбекұлы Байзақ аудандық Аманат партиясының мәжіліс залында ауданға қарасты қариялармен кездесіп, «Ислам және отбасы» тақырыбында насихат айтты.
Ғарифулла Қуанышбекұлы насихатында: «Әрбір отбасы – жер бетіндегі мемлекеттердің негізгі іргетасы. Өмір кешіп жатқан отбасылар қаншалықты бақытты болса, сол елдің іргетасы да сапалы болмақ. Негізінен біреудің отбасындағы өмірі екінші бір отбасыға толықтай үлгі бола алмауы мүмкін. Алайда отбасы құндылығы жөнінде ата салтымызбен сабақтасқан асыл дініміз Исламнан артық сенімді еш жерден таппасымыз анық.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетіне сәйкес үйлену сүннет амал саналады. Сондай-ақ бақытты отбасы моделінің ең ғажап үлгісін де Алла Тағаланың ақырғы елшісі ғибратты ғұмырында көрсете білді. «Сендердің ең жақсыларың – отбасына, әйел, бала-шағасына жақсы қарағандарың. Ал сендердің араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын – менмін» деп әрбір мұсылманға кімнен үлгі алу керектігін түсіндірді», - деді.