Жамбыл облысы Тараз қаласы «Әулие ата» мешітінің наиб имамы әрі облыс бойынша «Дін мен дәстүр» бөлімінің жетекшісі Ғарифулла Қуанышбекұлы Сарыкемер ауылы «Ар Рахман» мешітінің жанынан ашылған кенес беру орталығында жаңадан шаңырақ көтерген жас-жұбайларға «Ислам және отбасы құндылықтары» тақырыбында насихат айтты.
Ғарифулла Қуанышбекұлы насихатында; «Ислам дінінде отбасыға ерекше назар аударылған. Құран Кәрімде Алла Тағала:
«Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят) деп, ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік пен өзара түсіністіктің маңыздылығын айтты.
Сонымен қатар, пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың. Мен де отбасыма жақсы қарағандардың ең ізгісімін» деп, отбасы мүшелеріне қамқорлық жасау мұсылманның басты қасиеттерінің бірі екенін ескертті. Ислам діні отбасыны жай ғана жақын адамдардың одағы деп емес, рухани және адамгершілік құндылықтардың діңгегі деп қарайды. Отбасы – тек балаларды тәрбиелеудің ғана емес, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың негізі»,-деді.
Насихат сонында жас-жұбайларға муфтият баспасынан шыққан кітап және ауызашарға құрма су сыйға берілді.