Жамбыл облыстық Дін мен дәстүр бөлімінің жетекшісі Ғарифулла Қуанышбекұлы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы, «Әр-Рахман» мешітінде ІІІ аймақ имам молдаларына «Ислам және дәстүр құндылықтары» тақырыбында дәріс оқыды.
Дәрісте Ғарифулла Қуанышбекұлы: «Дәстүр – бұл Қазақ ұлтымыздың ертеден сақталып келген әдет-ғұрпы. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші бұл әдет ғұрыптарымыздың басым көпшілігі шариғат шеңберінде үйлесіп келген. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ, діннен негізін табамыз. Қарапайым халық олардың діндегі сүннет, мұстахат, уәджіп екенін білмеуі мүмкін. Бірақ, ол діндегі негізгі құндылықтардың бірі болып табылады.
Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірін қуаттап, қоғамда ынтымақ пен бірліктің, бабаларымыздан қалған асыл құндылықтардың жоғалып кетпеуіне үндеп, кейінгі ұрпақтың болашағы жарқын болуына, өткенді ұмытпай, саралап, ұлттық ар-ожданды жоғалтпауға шақырады. Дін мен дәстүр үлкенге құрмет, оларға дауыс көтеріп сөйлеу былай тұрсын, жолда өтіп бара жатса, алдын кесіп өтпеуге үндейді.
Хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге келеді» делінсе, дана халқымыз: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дейді. Жасы үлкен адамдарды төрге шығарамыз, сыйлаймыз, бас тартамыз. Үлкенді құрметтеу бізде бұрыннан бар еді, ислам енгеннен кейін дәстүрлі құндылық болып қалыптасты. Ислам дініндегі құндылықтар біздің салт-дәстүрімізде де болғандықтан, ол тез сіңіп, халық лезде қабылдап алды», - деді.