Алғыс – адамның ризашылығын білдіретін ізгі ниет. Хадисте: «Сыйлық жасағысы келген адам егер тапса, сыйлық тарту етсін, ал таппаса – алғыс айтып, жақсы сөз айтсын» делінеді. Яғни, шынайы алғыс сөзбен де, іс-әрекетпен де білдіріледі. Жамбыл облысы, Қордай аудандық «Қордай» мешітінде өткен жазғы діни сауат ашу курсы шәкірттерінің ата-аналары курс соңында алғыстарын білдірді.
Олар балалардың рухани біліміне жол ашқан ұстаздарға, ұйымдастырушылар мен қыздар бөліміне жылы лебіздерін жеткізді. Кеш барысында ата-аналар шәкірттер мен ұстаздарға арнап сый-сыяпаттарын табыстап, әйел-қыздар жамағатын қуантты.
Бұл – иман мен ықыластың, тәрбие мен тағылымның жарасымды көрінісі болды. Игі амалға себепші болып, қолдау білдірген демеушілер мен жомарт жандарға Алла разы болсын! Қоғамда ізгілік пен қайырымдылықтың көбейе беруін тілейміз.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



28 Қазан 2025
6 Джумада-авваль 1447

