Әбу Һурайрадан (Алла одан разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» – деп сұрайды. Сонда (Алла Тағала): «Бұл сенің артыңда қалған балаңның сен үшін кешірім тілеуінен (истиғфарынан)» – дейді».
Осы хадистің мәнін ұғындырып, Қордай аудандық «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курсының шәкірттеріне ұстаздары: Эльмира Аманқожақызы мен Айгүл Жолдасқызы өнегелі насихат айтты. Кездесуде шәкірттерге өмірлік мақсат, ақырет қамы және құлшылықтың мәні туралы терең ойлар жеткізілді. Ұстаздар жастарды дүниелік пен руханиятты тең ұстауға, екі дүниенің бақытына жеткізер жолдарды меңгеруге шақырды.
Әли ибн Әбу Талибтің (Алла оған разы болсын): «Ғұмыр – екі күннен тұрады: бірі сенің пайдаңа, екіншісі сынағыңа» деген сөзін негізге ала отырып, әрбір күнді қадірлеуге және ақыретке саналы түрде дайындалуға үндеді. Баршамыздың ұрпақтарымыз қияметке дейін Алланың жолында болып, Оның разылығына жетуін Алла нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



28 Қазан 2025
6 Джумада-авваль 1447

