Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы ауыл имам-молдаларына «Дін мен дәстүр қазынамыз» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда Қанат Әділханұлы: «Ұлттық бірегейлікті сақтап, әлеуметтік мәдени дамуда дәстүр құндылықтарының алар орны ерек. Бұл құндылықтар атадан балаға берілетін, әр ұлттың өзіндік болмысын, руханияты мен дүниетанымын, тарихы мен мәдениетін танытатын асыл мұра.
Құранда «Сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін саналуан ұлыстар мен руларға бөлдік» деген Ұлы Жаратушы Алла әр ұлтты өзара етене жақсы аралассын деп, өздеріне тән ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптарымен жаратқан болса керек. Соған байланысты шариғатымызда басшылыққа алынатын он дерек көздің бірі саналатын салт-дәстүр Құран мен сүннетке қайшы келмесе, мақұлданып, қабылданатын болған. Мәселен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі босын) Мәдинаға көш аударғанында сол жердің қалыптасқан салтына қарай шариғат негіздеріне сай қоғамдық заң шығарған. Бұдан байқайтынымыз, дін мен дәстүр бір-бірінен ажырамайтын, керісінше бірін-бірі толықтырып, қоғамның тату тәтті өмір сүруіне негіз болатын ұлттық жүйе.
Ислам белгілі бір ұлтқа емес, бәлки бүкіл адамзатқа жіберілген дін болғандықтан, барлық ұлттың тұрмыс-салтымен үйлесімділік тапқан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына дінді өзге халықтарға сіңдіру үшін сол халықтың салт-дәстүріне, егер шариғатқа қайшы келмесе, нұқсан келтірмеулерін ескерткен.
Осы сөзге негізделген дін таратушылары шамамен 751 жылдары қазақ жеріне келген кездерінде жергілікті тұрғындардың дәстүр-салтына, түріктік дүниетанымына ерекше мән бере отырып, Иләһи дінмен ұштасқан жаңа түркі-Ислам мәдениетін қалыптастырды. Бұл діннің қазақ қоғамына тез сіңіп, кеңінен тарауына себеп болған жайт бабамыздың ұлттық құндылықтарының шариғи принциптермен үндес келуі еді.
Атап айтар болсақ, ата- анаға құрмет көрсету, қыз ұзату, неке қию, туған-туыстармен туыстық байланысты үзбеу сынды дін ұстанымдары дәстүріміздегі отбасы құндылықтарымен ұштасып жатты. Бір сөзбен айтқанда, Ислам діні ешқашан қазақ халқына жат болған емес», - деді.



28 Қазан 2025
6 Джумада-авваль 1447

