Жамбыл облысы Байзақ ауданының әйел-қыздар секторының меңгерушісі Жанат Әмірханқызының ұйымдастыруымен «Әйел және отбасы» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы қатысып, «Әйел отбасы шамшырағы» тақырыбында насихат айтты.
Бақытбек Бауыржанұлы насихатында: «Отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, ондағы жанұя мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруі – бір-бірлерінің алдындағы құқықтар мен міндеттерді орындауларына тікелей байланысты. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстан болашағының іргетасы әрбір шаңырақта қаланатыны анық. Бақуатты отбасы – қоғамымыз бен мемлекетіміздің берік тірегі десек те болады. Осы орайда асыл дініміз Ислам мұсылман отбасының іргетасының нық әрі бекем болуына және шаңырақтың шаттыққа бөленуі үшін ең алдымен жақсы жар мен жолдас таңдаудың маңызды рөл атқаратындығын ескертеді. Бабаларымыз: «Екi жақсы қосылса, өлгенiнше дос болар. Екi жаман қосылса өлгенiнше өш болар», – деп тектен тек айтпаса керек. Ерлі-зайыптылардың түндігі бүтін, түтіні түзу бақытты отбасы қатарынан табылуы үшін бір-бірлеріне қатысты құқықтар мен міндеттерді біліп, оларды іс жүзінде жүзеге асырулары қажет.
Өкінішке орай, «Үйлену оңай, үй болу қиын» – демекші, бүгінгі күнде ажырасқан отбасылар қатары көбейіп келеді. Бірін-бірі шынайы сүйеміз деп «екі жарты, бір бүтін» болып шаңырақ көтерген екі жастың арасына жік түсіп, бір-біріне деген ыстық сезімдерін жоғалтып, шаңырақтың шайқалуына нендей нәрсе себеп болды екен? – деген сауалдың астарында көбінесе ер мен әйел бір-бірлерінің алдындағы міндеттерін орындамаудан туындап жатады», - деді.



28 Қазан 2025
6 Джумада-авваль 1447

