Шу қаласын «Кәрібай молда» мешітінде жұма намазы ерекше рухани оқиғамен есте қалды. Қала тұрғыны, орыс ұлтының Юра есімді азаматы өз еркімен Ислам дінін қабылдап, мұсылман атанды.
Жұма намазға келген жамағаттын алдында аталмыш мешіттің имамы Аят қажы Дыбысұлы Юраға кәлима айтқызып, мұсылмандыққа алғаш қадам басқызды. Салтанатты сәтте имам оның құлағына азан және қамат айтып, жаңа есім ретінде «Сүлеймен» деп ат қойды. Жаңа мұсылманға Ислам дінінің негіздері туралы қысқаша түсініктеме беріліп, қасиетті Құран Кәрім кітабы тарту етілді.
Жиналған жамағат ерекше әсерге бөленіп, мешітіміздің тоқсан жасқа таяған ақсақалы ақ батасын беріп, жүрекжарды тілегін арнады. Бұл оқиға – ел бірлігі мен рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.