Жамбыл аудандық орталық «Бәйдібек» мешітінің жанындағы әйел-қыздар діни сауат ашу курсының шәкірттері аймақтық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, теолог ұстаз Зейнеп Үсенованы арнайы шақырып, рухани кездесу ұйымдастырды. Жиын барысында ұстаз «Деструктивті діни ұйымдардың ерекшеліктері» тақырыбында мазмұнды насихат айтып, жамағатты алаңдатқан көкейкесті сұрақтарға жауап берді.
Жиын өте шынайы әрі ашық форматта өтті. Қатысушылар деструктивті ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері, олардың жастар мен әйелдерге ықпал ету тәсілдері туралы нақты мәлімет алды. Ұстаз Зейнеп Үсенова түсіндіру барысында:
— Мұндай ұйымдар адамның ерік-жігері мен санасына психологиялық тәсілдер арқылы ықпал етіп, жеке тұлғаны толық бақылауға алуға тырысады. Олар әсіресе жастар мен нәзік жандыларды арбап, отбасынан, оқудан, жұмыстан алшақтатуға, өмір салтын түбегейлі өзгертуге мәжбүрлейді. Мұндай топтардың ең қауіпті тұсы – олар адамның рухани кеңістігін жаулап, жалғыз «дін жолы» осы деп сендіреді, – деп атап өтті.
Кездесу соңында шәкірттер өз ойларын ортаға салып, алдағы уақытта да осындай танымдық кездесулердің жиі ұйымдастырылуын сұрады. Ұстаздың шынайы әрі жүрекке жетерлік насихаты жамағаттың көңілінен шықты.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі