ИСЛАМДА ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНІҢ МӘДЕНИЕТІ (АДАМ ӨМІРІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ)

ИСЛАМДА ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНІҢ МӘДЕНИЕТІ (АДАМ ӨМІРІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Бүгінгі тақырыбымыз аса өзекті әрі қоғамдағы әрбір адамға тікелей қатысты, жол жүру мәдениеті мен қауіпсіздігі және адам өмірінің исламдағы орны жайында болмақ. Біз күн сайын көшеде, жол үстінде жүреміз. Бірақ сол жүріс-тұрысымыз, көлік жүргізуіміз, өзгелермен қарым-қатынасымыз – мұсылман ретіндегі әдебіміз бен мінез-құлқымыздың айнасы іспетті. Ислам тек мешіт ішінде орындалатын құлшылықтармен шектелмейді. Ол – өмірдің әр сәтін тәртіп пен жауапкершілікке баулитын кемел өмір сүру салты. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді:

مَن قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا

«... кімде-кім жер бетінде бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады...» («Мәида» сүресі, 32-аят). Бұл аят адам өмірінің исламдағы аса құнды әрі қасиетті екенін айқын көрсетеді. Олай болса, көлікті жауапсыз басқару, жол ережесін сақтамау, асығыстық пен немқұрайлық таныту – жай ғана заң бұзушылық емес, мұсылмандық әдебімізге, аманатқа деген көзқарасымызға да қайшы әрекет. Жолдағы тәртіп – шариғатта бекітілген жан мен малды сақтау қағидасының тікелей көрінісі. Сондықтан әрбір қозғалысымызда – сабыр, сана, жауапкершілік және мұсылмандық мәдениет болуы тиіс.

Бірінші: жол ережесін сақтау – шариғат талабы

Жол ережесі – тек мемлекеттің заңы емес, ол – шариғатқа да сай талап. Себебі жолда тәртіп болмаса, қауіп туады. Ал қауіп адам жанын қатерге тігеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

المُسْلِمُ مَن سَلِمَ المُسْلِمُونَ مِن لِسانِهِ ويَدِهِ

«Мұсылман – өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан аман болған адам», – деген (имам Бұхари).

Жол үстіндегі жауапкершілік те осы хадиске кіреді. Бір мұсылман рөлге отырғанда, ол көлік емес, адам өмірін басқаруға кіріседі. Жылдамдықты асыру, бағдаршамға бағынбау, белдік тақпау, телефонмен сөйлесу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу мұның барлығы да тек өзінің емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді. Бұл – құқық қана емес, бұл – күнәлі іс. Исламда адам өмірі – ең қастерлі құндылық. Құран Кәрімде Алла Тағала:

وَلَا تَقْتُلُوا أَنفُسَكُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا

«Бір-біріңді өлтірмеңдер. Шүбәсіз, Алла сендерге ерекше мейірімді», – деген («Ниса» сүресі, 29-аят).

Жол ережесін бұзып, адамның өміріне қауіп төндіру осы аяттағы ескертуге жатады. Жолда тәртіппен жүру – өзіңе де, өзгеге де өмір сыйлау деген сөз. Адамға ең қымбат – өмір. Өмірді сүру үшін тәртіп керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَالإِمَامُ رَاعٍ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، الرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا وَ مَسْئُولَةٌ عَنْ رَعِيَّتِهَا ، وَ الْخَادِمُ رَاعٍ فِي مَالِ سِيدِهِ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَ كُلُّكُمْ رَاعٍ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және әрқайсыларың иеліктегілерің үшін сұраласыңдар. Басшы да бақташы әрі өз иелігіндегі үшін сұралатын болады. Ер адам өз жанұясының бақташысы әрі ол да иелігіндегі үшін сұралады. Әйел де күйеуінің үйі мен балаларының бақташысы әрі ол да өз иелігіндегі үшін сұралады. Қызметші де өзінің мырзасының дүниесіне бақташы әрі ол да өз иелігіндегісі үшін сұралатын болады. Сол үшін барлығың бақташысыңдар әрі иеліктегілерің үшін сұраласыңдар», – деген (имам Бұхари).

Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деуінде үлкен мән-мағына бар. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген.

Рөлге отырған адам – жауапты. Ол тек көлік иесі емес, жолаушының, жүргіншінің, тіпті өзге жүргізушілердің де қауіпсіздігіне кепіл. Бір адамға – мың адам жауапты, мың адамға – бір адам жауапты. Жол тәртібі – жауапкершіліктің айнасы. Шариғат – әділдік діні. Жол ережесі де сол әділдікке апарар бір жол. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді:

لا ضَررَ ولا ضِرارَ      

«Өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды» (ибн Мәжа). Жол тәртібін бұзу – өзгеге зиян келтіру, бұл – мұсылманға жат қылық. Жол тәртібін сақтау – қоғам тыныштығының кепілі. Бір адамның ережесіздігі – бірнеше адамның қайғысына себеп болуы мүмкін. Көлік жүргізушісі болсын, жаяу жүргінші болсын, әр адам – тәртіптің бір бөлшегі. Шариғат та осыны талап етеді.

Екінші: жол – аманат, жүргізуші – жауапты адам

Көлік жүргізуші – тек рөлдегі адам емес. Ол – жолдағы адамдардың амандығына жауапты. Жолаушы тасып бара жатса – олардың өмірі сенің мойныңда. Қатар жүріп келе жатқан жүргізушіге де зияның тиюі мүмкін екенін ұмытпа. Ислам діні әрбір іс-амалды жауапкершілікпен атқаруға үндейді. Әсіресе, жол қозғалысы – тек дүниелік талап емес, мұсылмандық әдептің, иманның көрінісі. Жол – баршамызға ортақ аманат. Ал көлік жүргізу – аманатқа адалдықты, жауапкершілікті талап ететін іс. Алла Тағала Құранда былай дейді:

وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

«Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер!» («Бақара» сүресі, 195-аят). Яғни, жолда қауіп туғызу, тәртіп бұзу – Құран әміріне қарсы амал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَن ضَارَّ أضَرَّ اللهُ بِهِ وَ مَن شَاقَّ شَاقَّ اللهُ علَيهِ

«Кім өзгеге зиян келтірсе, Алла оған зиян етеді. Кім басқаларға қиындық жасаса, Алла оған қиындық жасайды», – деген (имам Әбу Дәуід).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге және ақыретке рақым ретінде жіберілген. Бұл хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім өзгеге зиян келтірсе», яғни біреуге әдейі, себепсіз түрде жамандық жасап, оған қиындық, зиян тигізсе, «Алла оған зиян келтіреді». Алла Тағала оның жасаған әрекетіне сай жаза береді, ол да сондай зиянға ұшырайды.

«Кім өзгеге қиындық жасаса», яғни біреуге әділетсіз түрде ауыртпалық түсіріп, оны әуреге салса, «Алла оған қиындық жасайды». Алла оған да дәл сондай ауыртпалық береді.

Үшінші: адам өмірі – Исламда ең үлкен құндылық

Өмір – адам баласына берілген басты құндылық. Адам баласы Алла Тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында:

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَ الْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلَا

«Ол сондай Алла, сендердің қайсыларың жақсырақ іс-амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп айтқан. Адамның пәни дүниедегі тіршілігін қазақ халқы ғұмыр деп атайды. Тілек тілегенде халқымыз: «Ғұмыр жасың ұзақ болсын», «Жағың түспей жамандық көрме» немесе «Ғұмыр берсін!», «Ғұмырлы бол!» деген сөздерді жиі қолданады. Бұл ата-бабаларымыздың адам өміріне, оның ғұмырының ұзақ та берекелі, ізгі болуына үлкен маңыз бергенін көрсетеді. Расымен де адам ғұмыры ұзақ әрі ізгілікті болғаны жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ مَنْ طَالَ عُمْرُهُ وَ حَسُنَ عَمَلُهُ

«Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі іс-амалы ізгі болғандары», – деген (имам Термизи). Асыл дінімізде бес нәрсе құрметті саналады. Ол адамның діні, өмірі, ақылы, ар-намысы және мал-дүниесі. Оған қол сұғуға, зиян беруге болмайды.

Қисса

Османның (Алла оған разы болсын) керуені мен 700 еселік сауда.

Бұл Омар ибн әл-Хаттабтың (Алла оған разы болсын) халифалығы кезі еді. Жер құрғап, егін шықпады, су тартылып, қуаңшылық бүкіл Хижазды қамтыды. Тарихта бұл жыл «عَامُ الرَّمَادَةِ» – «Құм жылы» деп аталды.

Халық аштықтан әлсіреді. Тұрмыс күйзелді. Балалардың іші бос, аналарының алақаны құрғақ қалды. Мәдина көшелерінде үнсіздік орнады. Омар (Алла оған разы болсын) халифа ретінде Байтул малдағы бар қорды елге таратып, өзі де қарапайым нан мен майсыз тамақпен күн кешті. Бұл кезең – халықпен бірге аштықты сезіну, билік емес – жауапкершілік кезеңі еді.

Осы қиын сәтте Мәдинаның қақпасынан үлкен керуен кіріп келді.

Кейбір риуаяттарда 700 түйе, ал кейбір хабарларда 1000 түйе деп айтылады. Олардың барлығы азық-түлікке, киім-кешекке толы болатын. Бұл – Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) керуені еді. Ол Шамнан аштықтан қажыған Мәдина халқына арнайы жіберілген болатын. Керуен тоқтамай жатып ақ, қаланың бай саудагерлері жиналып келді. Олардың әрқайсысы осы керуенді өз қолына алғысы келді.

Бірі:

  • Уа, Әбу Әмр! Сат маған! Мен әрбір дирхамыңа екі есе берем, – деді.

Екіншісі асыға:

– Мен одан да көп – төрт есесін берем, – деді.

Үшіншісі көтеріле сөйлеп:

– Мен сегіз берем! Біз – Мәдинаның ең ірі саудагерлеріміз. Саған бұдан көп кім бере алады?

Сол сәтте Осман (Алла оған разы болсын) байсалды үнмен былай деді:

لَقَدْ بِعْتُهَا لِمَنْ أَعْطَانِي بِكُلِّ دِرْهَم سَبْعِمِائَة!

«Мен бұл керуенді әрбір дирхамыма жеті жүзін берген біреуге сатқанмын!»

  • Саудагерлер абдырап:
  • Кім ол? Мәдинада ондай саудагер жоқ қой!? – деді.

Осман (Алла оған разы болсын) былай деп жауап берді:

Әлемдерді Жаратқан Алла Тағала. Ол Құранда: «Кім Алла жолында бір дән берсе, Алла оған жеті масақ бітіреді, әр масақта жүз дән болады…» – деп уәде берген («Бақара» сүресі, 261-аят).

Сосын халықты жинап, жар салып:

«Куә болыңдар, бұл керуендегі барлық азық пен жүк – Алланың разылығы үшін Мәдинадағы мұқтаждарға тегін таратылады! Мен бұдан бір тиын да алмаймын!»

Керуеннен кейін азық таратылды. Қалада үміт оралды. Көздерден қуаныш, жүректерден шүкірлік сезілді.

Қиссаның мәні: Осман (Алла оған разы болсын) бұл ісімен Исламдағы ең маңызды құндылықтардың бірін – адам өмірін сақтау мен қауымға жанашырлық міндетін орындады. Ол дүние емес, сауап үшін сауда жасады. Оның бұл ісі – тек мұқтаждарға көмектесу емес, бүкіл мұсылман үмбетіне тағылым мен үлгі болды.

Өмір – әрбір адам баласы үшін бір рет берілетін мүмкіндік. «Өмірге адам болып келу – Алладан, ал өмірден адам болып өту – адамнан» деген даналық сөз бар. Сондықтан да адам өмірінің мәнді болуы өзіне байланысты. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لاَ يَتَمَنَّيَنَّ أَحَدُكُمُ الْمَوْتَ إِمَّا مُحْسِنًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يَعِيشَ وَيَزْدَادَ خَيْرًا وَهُوَ خَيْرٌ لَهُ وَإِمَّا مُسِيئًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يُسْتَعْتَبَ

«Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім ол жақсы адам болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар», – деген (имам Нәсәи).

Төртінші: жол – жақсылық жасауға мүмкіндік

Адам баласы өмір бойы сапарда, яғни үлкен де, кіші де жол үстінде жүреді. Осы жол үсті – тек жүру немесе бір жерге жету ғана емес, сауап пен жақсылық жинайтын мүмкіндік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَنْ أَمَاطَ أذًى عَن طَرِيقِ المُسْلِمينَ كُتِبَ لَهُ حَسَنَةٌ وَ مَنْ تُقُبِّلَت مِنْهُ حَسَنَةٌ دَخَلَ الجنَّة

«Кім жолда адамдарға қиындық келтіретін нәрсені алып тастаса, ол адамға жақсылық жазылады, кімнің жақсылығы қабыл болса, ол жәннатқа кіреді», – деп айтқан (имам Бұхари). Яғни, жолдағы әрбір әрекет – сауапқа себеп. Біреу жолдан тас, қоқыс алып тастаса, біреуге жол көрсетсе, көмек берсе – барлығы жақсылық.

Қисса

Бір кісі әрдайым нәпіл намаздарын, құптан намазы мен түнгі намаздарды дауыстап оқиды екен. Бір күні сол кісі ұзақ уақыт көрінбей кетеді. Сонда Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасы Муаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) әлгі адамды іздеп, жағдайын сұрастырады.

Муаз (Алла оған разы болсын): «Әлгі қалғып отырған ұйқылы адамды оятатын, шайтанды үркітіп, қашыратын кісі қайда – деп сұрайды. Мұндағы «ұйқылы-ояу» дегені – толық ұйықтап кетпеген, қалғи бастаған адам. Ал «шайтанды шошыту» дегені – ол адамның құлшылығы мен Құран оқуы шайтанды қуып, үркітеді деген мағынада. Бұл сөз – әлгі кісіге айтылған мақтау еді. Сонда сахабалар Муазға (Алла оған разы болсын) әлгі адамның ауырып қалғанын, денсаулығы нашар екенін жеткізеді. Бұны естіген Муаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) бір кісіні ертіп, науқас адамның үйіне қарай жолға шығады.

Жолда келе жатып, Муаз (Алла оған разы болсын) әрбір жолда кездескен кедергіні – тас, қоқыс, т.б. зиянды нәрселерді көтеріп, жолдан алып тастап жүреді. Мұны көрген оның қасындағы серігі Муаздың (Алла оған разы болсын) әрбір әрекетіне қарап, алдын орап, жолдағы зиянды заттарды алып тастауға асығады. Сонда Муаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) әлгі адамнан: «Неге мені орап, жолдан кедергілерді сен алып тастап жатырсың?» – деп сұрайды.

Серігі: «Сізден көріп, үлгі алып жатырмын», – дейді.

Сонда Муаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) оған: «Кімде-кім жолдан кедергіні алып тастаса, оған жақсылық жазылады. Ал кімнің амал дәптеріне жақсылық жазылса, ол жәннатқа кіреді», – дейді.

Қазақ даналығында да: «Жолың болсын!» – деп бата береді. Бұл тек сапарың сәтті болсын деген сөз емес, сонымен бірге, жолда да, өмірде де тек жақсылық жасауға ұмтыл деген ишара.

Жол – адамның, қоғамның ортақ байлығы. Сондықтан жолда жүргенде сабыр сақтау – тәрбие мен мәдениеттің көрінісі және өзгеге де, өзіңе де жақсылық жасаудың кілті. Ал жолдан кедергі болатын затты, қоқысты, қауіпті нәрсені алып тастау – Пайғамбарымыз үйреткен игі амал.

Әр сапар, әр қозғалыс – ойлануға, тәубеге келуге де себеп, сапарда адам жалғыз қалады, ойға шомады, бұл рухани өсуге мүмкіндік берсе, жол үстінде таныс адамға яки бейтаныс жанға көмек беру, жүректі жұмсартады.

Жол – жақсылықтың, мәдениеттің, адамгершіліктің көрсеткіші. Әрбіріміз жол үстінде жүріп, өзімізге де, өзгеге де зиян тигізбейтін, көмектесуге асығатын, тазалық пен тәртіпті сақтайтын тұлға болайық. Жол – жақсылық жасауға мүмкіндік. Осы мүмкіндікті қолдан жібермейік!

Құрметті жамағат!

Көлік тәуекел құралы іспеттес. Ал тәуекел Аллаға ғана етіледі. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай көлік жүргізудің де өзіндік тәртібі бар. Айталық:

  1. Көлікке отырарда дәретті болу. Яғни дәрет алып жүру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

وَلَا يُحَافِظُ عَلَى الوُضُوءِ إلَّا مُؤمِنٌ

«Дәретті ұдайы сақтап жүретін – мүмин ғана», – деген.

  1. Көлікке мінерде бұл нығметтің берушісін, яғни Алла Тағаланы еске алу. Алла Тағала Құран Кәрімде:

ثُمَّ تَذْكُرُوا نِعْمَةَ رَبِّكُمْ إِذَا اسْتَوَيْتُمْ عَلَيْهِ

«Олардың (көліктің) үстіне мінген кездеріңде Раббыларыңның жақсылығын еске алыңдар», – деген («Зұхрұф» сүресі, 13-аят).

  1. Алланың бұл жақсылығын еске алғаннан кейін Пайғамбарымыз «бисмилләһи Аллаһу әкбар» деп қасиетті Құрандағы мына дұғаны айтуға кеңес берген:

سُبْحَانَ الَّذِي سَخَّرَ لَنَا هَذَا وَمَا كُنَّا لَهُ مُقْرِنِينَ (١٣)وَإِنَّا إِلَى رَبِّنَا لَمُنْقَلِبُونَ

«Бізге мұны (көлікті) бағындырған Алла пәк. Өйткені біздің бұған шамамыз жетпес еді (бағындыра алмайтын едік). Шүбәсіз, біз түбінде Раббымызға қайтамыз» («Зұхрұф» сүресі, 13-аят). Бұдан басқа тағы да дұғалар айтуға болады. Мәселен, Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте былай делінген: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарға шығарда түйесіне мініп, жайғасып алған соң, үш рет «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтып: «Бұны бізге бағындырған Алла ұлы әрі кемшілік атаулыдан пәк! Егер оны бізге бағынышты етіп жаратпағанда, оған қауқарымыз жетпес еді. Түбінде бәріміз де Раббымызға қайтамыз. Уа, Алла Тағалам! Бізге осы сапарда игілік, тақуалық және Өзің разы болатын игі істер жасауды нәсіп ет! Уа, Алла Тағалам! Сапардағы серігіміз де, артта қалған отбасыларымыздың өкілі де бір Өзіңсің! Уа, Алла Тағалам! Сапардың машақатынан, сары уайымға салатын қандай да бір жағдайдан және сапардан оралғанда дүние-мүлкіміз бен отбасымызды бәле-жалаға ұшыраған күйде көруден бір Өзің сақтай гөр!» – деп дұға жасайтын.

  1. Көліктің жылдамдығын шектен асырмау, қатты айдамау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) астымыздағы көлікке, яғни мінген аты мен түйесіне жақсы қарауды әмір еткен.
  2. Көлік қандайда бір кедергіге тап болғанда «бісмиллә» деп айту. Бұл хадисті Әбу Малих (Алла оны рақымына алсын) бір сахабадан былай жеткізеді: «Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) артында бірге келе жатқан едім. Сол кезде көлігіміз (түйеміз) сүрініп кетті. Мен: «Шайтанның соры қайнасын!» – деп жібердім. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олай айтпа! Егер сен «Шайтанның соры қайнасын!» десең, ол өзін үлкен етіп көрсетіп, үйдей болып кетеді де: «Мен оны күшіммен құлаттым!» – деп масаттанады. Оның орнына «Бісмиллә» де! Сонда шайтан кішірейіп, шыбындай ғана болып қалады», – деді (имам Табарани).

Қорыта айтқанда, осы сүннеттерді әрбір мұсылман ұстанғаны жөн. Басымызға келетін бәленің көбі өзіміздің жол ережелерін сақтамауымыздан туындайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَمَا أَصَابَكُمْ مِنْ مُصِيبَةٍ فَبِمَا كَسَبَتْ أَيْدِيكُمْ

«Бастарыңа келген бәле-жала өз қолдарыңмен істегендеріңнің кесірінен»– деген («Шура» сүресі, 30-аят).

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: