Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме

Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Үлкеннен бұрын сөйлеме. Үлкеннен бұрын тамақ жеме. Үлкеннен бұрын отырма, жатпа. Үлкеннің бетінен алма. Міне, қазақтың ұлттық коды осында тұр. Жақсылық атаулы үлкенді, сыйлаумен айтқан сөзін тыңдаумен, ақ батасын алумен келеді. Тәрбие үлкенді сыйлаудан басталады. «Тәрбиелі адам - тағалы атпен тең» деген сөз бар. Жасы үлкенді сыйлау, құрмет көрсету ежелден келе жатқан ұлттық құндылығымыз. Ал мұның бір ұшы шариғатпен ұштасады. Дініміз ислам үлкенге құрмет көрсетуге,  кішіге ізет етуге шақырады.Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Жастарға ізет, үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес», - деп айткан.

Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кіші үлкенге сәлем беру керек», - деген екен. «Болашағыңды білгің келсе, бүгініңе кара» деген тәмсіл бар. Жастарға үлкенді сыйлауды, жолын кесе өтпеуді, сөзін бөлмеуді бала жастан үйрететін болса, жас ұрпаққа берген ең үлкен тәліміміз сол болады. Ел ішінде ертеден келе жатқан мынадай тәмсіл сөз бар: «Ұлықпан Хәкім мың жасаған». Иә, ешкім мың жасай алмайды. Десе де өсіп-өнген бала-шағасымен, артына қалдырған тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды. Әбу Хурайрадан

(Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Адам кайтыс болса, ісі токтайды. Тек үш жолмен үздіксіз (cayan) барып тұрады: тоқтаусыз садақа (яғни, ел игілігі үшін салған көпір, мешіт, аурухана т.б.), ел пайдаланатын ілімі, артынан қалған ізгі ұрпағының дұғасы’’, - деп келеді. Тәрбиелі,ізгі ұрпақтың дұғасы ата-анасына сауап болып жетеді екен.

Халқымыз «Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме» деп тыйым салу арқылы тәрбие берген. Үлкендердің жолын кесу көргенсіздік, сөзін бөлу сыйламағандық екенін бажайлаған. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу-кішіліктің, қарапайымдылықтың әдептіліктің көрінісі. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» дейді, бұрынғы бабаларымыз. Үлкендердің алдын орап, көсемсіп сөйлеу жақсы емес. Мұндайға тоқтам керек. Себебі, «аталы сөзге арсыз тоқтамаған» деген мақал бар. Сол үшін үлкенді сыйлап, төрге оздырып, сөзін тыңдап, өсиетімен өссек, біз жаман болмайды екенбіз.

Мейіржан Рахымбаев 

Аудандық «Сұлтан» мешітінің наиб имамы.

Тұрар Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: