Құрметті оқырман, бүгін біз кезекті мақаламызда ханафилік сенім мектепті, соның ішінде "иман", "сенім" (ақида) мектебін ғылыми тұрғыда дамытқан Имам Матуриди жайында азды-көпті өз ойларымызды ортаға салғанды жөн көріп отырмыз. Неге дейтін болсақ, қазіргі таңда көпшіліктен, жастардан, сондай-ақ мешіт жамағаттары арасынан осы кісі жайында сұрап, тереңірек білгісі келіп жүргендерді көп байқаймыз.
Бұл ғалымның толық аты-жөні Әбу Мансур Мухаммад ибн Мухаммад Махмуд әл-Матуриди. Имам Матуриди Самарқанд қаласының жанындағы "Матурид" елді мекенінде туылған. Қай жылы туылғандағы нақты айтылмаған, кейбір ізденушілер сегізінші ғасырдың соңына таман, 844-854 жылдары шамасында деген болжамды айтады. Қайтыс болған уақыты 944 жылдары Самарқанда дүние салған. Өздеріңізге мәлім болғандай, Ислам әдебиеттерінен болсын немесе дін ғалымдарының еңбектерінен де байқап жүргендердіңіздей әдетте белгілі, әрі беделді тұлғалар көбінесе өздерінің туған жерлерінің немесе руларының аттарына телініп жатады. Сол сияқты Имам Матуриди де өзі туылған Самарқан қаласының іргесіндегі "Матурид" шағын елді мекенінің атымен аталған. Кейбір деректерде кезінде өз дәуірінде "Әбу Мансур әл-Матуриди ас -Самарқанди" деген атпен де танымал болған деседі. Бұл тұлға тек өз дәуірінің ғана емес, өзінен кейінгі кезеңдердің де сан алуан маңызды мәселелеріне нақты жауаптар беріп кеткен ғалым еді.
Имам Матуриди Пайғамбарымыздан с.ғ.с. бері қарай келе жатқан ғалымдарымыздың ізін жалғап, соның ішінде Ханафи мәзһабының көшбасшысы, әрі негізін қалаған Әбу Ханифаның бекітіп кеткен негіздерін ақли және нақли (аят пен хадис) дәлелдермен қуаттап, талдап, жүйелеп, бір ізге түсіріп кеткен тұлға. Бұл кісі Әбу Ханифаның еңбектерін, көзқарастарын оқып үйреніп, оның мектебіне (мәзһабында) бағына отырып аят-хадистерді қолданумен қатар, ақыл ойға да басты үлкен мән берген. Зерттеушілердің айтуынша Имам Матуридидің ұстаздары туралы бес түрлі мәлімет бар. Бұл мәліметтердің барлығында да яғни Имам Матуридидің ұстаздарының қай-қайсысы болсын Әбу Ханифаға барып тіреледі, яғни шынжыр болып (силсиля) жалғасады. Алғашқы ғасырларда Әбу Ханифаның фиқһи көзқарастары кеңінен таралып, соның негізінде Әбу Ханифаның фиқһи мәзһабы құрылды. Ал енді ол кісінің ақида бойынша еңбектері мен көзқарастарын Имам Матуриди бір қалыпқа салып, бір жүйеге енгізіп, әрі оның жер бетіне таралуына өзінің көп еңбегін сіңірді. Көп адамдар "Әбу Мансұр" ныспысын естіген кезде, ол кісінің "Мансұр" атты ұлы болған ба деген сауалға тоқтайды. Бірақ дереккөздерде Имам Матуридидің "Мансұр" есімді ұлы болғаны айтылмаған. Басқа бір деректерде ол кісінің қызы болғандығы айтылады. Және айтарымыз, ол кісі өзінің тәпсірінде ұл перзентті болғысы келетіндігін, ұлды болса атын "Мансұр" деп қойғысы келетіндігін айтып өткен, арман еткен дейді. Бұл жайында "Тәуиләт әл-Қуранда" былай дейді: "Әбу Мансұр" дегені, оның "Мансур" есімді ұл туылуын үміттенгені, арман еткені". Бұл арманы жүзеге асқаны, орындалғаны немесе орындалмағаны жайлы еш жерде мәлімет келтірілмеген.
Дінімізде сүнниттік бағытта ең ірі екі сенім мектебі қаланған. Бірі, "Матуридилік", екіншісі "Ашғарилық". Матуридилік мектепті қалаған тұлға ол - Имам Әбу Мансұр әл-Матуриди еді. Орта Азияның біраз елдері, соның ішінде біздің еліміз де діни таным жағынан ханафи-матуридилік сенімді ұстанады. Бұл кісі он бірінші ғасырдан бастап осы бір сүнниттік теологияның көшбасшысына айналды.Матуридидің ерекшелігі сол, ол ілімінде, әсіресе ақида ілімінде Әбу Ханифадан жеткен ілімдерді (теологиялық тұжырымдарды) айқын әрі шебер түсіндірген. Бұл кісінің ілімі, ілімінің дәрежесі жайлы шәкірттері, сол кезеңдегі замандас кейбір ғалымдар өз бағаларын беріп кеткен. "Сәйфул Хақ" (Ақиқат қылышы) деген атауға ие болған көрнекті ғалым Әбу Муғин Нәсәфи өз сөзінде: " Егер Әһли Сүннет ғалымдары арасында тек Имам Әбу Мансұр Матуридидің өзі ғана болғанда, осының өзі жетерлік қылатын еді" деген екен.
Ұстазы Әбу Насыр Иязи де бұл кісіге құрметпен қараған, дәріс мәжілістерінде Матуриди келгенше еш сөйлемейтін болған екен. Әр кез сыртынан қарап, тамсана баға беріп, Құран Кәрімнің Қасас сүресінің мына аятын тілге алатын болған екен: "Раббың қалағанын жаратады да сұрыптайды."(Қасас, 68).
Матуриди сенімінің көзқарастары қандай? Кезінде біздердің ата-бабаларымыз да не себептен осы жолды (матуриди сенімін) ұстанып қалған? деген сұрақтарға төмендегі факторлар дәлел бола алады;
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі кеткеннен кейінгі мезгілдердегі кейбір оқиғалар қазіргі күнге дейін келіп жеткен дискуссияларға себеп болды. Міне осы оқиғалар нәтижесінде мұсылмандар арасында түрлі пікірлер пайда бола бастаған. Бұл көзқарастар одан ары тереңдеп иман, амал, үлкен күнәлар, күпір және сенімге байланысты мәселелер бойынша әртүрлі пікірлер өрби бастады. Жасыратыны жоқ, бұл дискуссиялар қазіргі кезге дейін жалғасып келеді. Имам Матуриди сенімге, басқаша айтқанда ақидаға байланысты мәселелерде өзінің усулімен (тәсілі) ерекшеленеді. Ол қандай да бір мәселеде өз пікірін білдіретін болса, аят-хадистермен бірге шарттарына, тарихына, ғасырына, оқиғаларына да тоқтай келе ақылменен де дәлел келтіретін болған.Мысалыға айтар болсақ, Алланың бар екендігін және бір (жалғыз) екендігін ақылға салу арқылы төмендегідей дәлелді келтірген: "Өсімдіктер жаңбырға және күннің жылуына тәуелді.Табиғаттағы барлық нәрсе сәйкестік үстіне құрылған.Бұның бәрі Алланың бар және бір екендігіне дәлел. Егер көп Жаратушы болғанда, онда табиғаттағы сәйкестіктер болмайтын еді, әрі бір-біріне қарама қайшылық туындатар еді" дей келе, бұны Құран Кәрімдегі "Рахманның жаратуында ешбір кемшілік көре алмайсың" (Мүлік сүресі, 3 аят) деген аятымен бекітіп, растайды.
Сөз басында айтқанымыздай, баршамыз сенім мәселесінде Имам Матуридидің сенім жолын ұстанамыз. Бұл кісінің ұстанымдарының кейбіріне қысқаша ғана түрде тоқталып өтелік:
1. Иман дегеніміз - Алланы және Алладан келгеннің бәрін жүрекпен растау (тасдиқ).
2. Үлкен күнә жасаған адам иманынан айырылмайды, яғни діннен шықпайды.
3. Иман және діндегі амалдар бір-бірінен бөлек. Иман тек жүректің ісі, ал діндегі амалдар иманның жемісі.
4. Иманда "истисна" болмайды. Адам иманын тілге тиек еткен кезде "Алла қаласа мүмінмін, мұсылманмын" деп нақтылықты білдірмейтін сөзді емес, "Аллаға шүкір мүмінмін, мұсылманмын" деп нақты айтуы керек.
5. Иман мен Ислам ұғымдары тілдік тұрғыдан әр түрлі мағынаны білдіргенімен, діни тұрғыдан біртұтас ұғым.
Матуридитанушы ғалым Сунмас Қутұғ айтады: "Имам Матуриди Алла Тағала тарапынан адамзатқа берілген ең үлкен нығмет, баға жетпес құндылық". Имам Матуриди кәләм, мәзһабтар тарихы, Тәпсір, Құран ілімдері, фиқһ және басқа да бағыттарда көптеген еңбектер жазған.
Имам Матуридидің "Китаб әт-Таухид" және "Тәуиләтул Қуран" атты екі еңбегі ғана бізге дейін келіп жеткен. "Китаб әт-Таухид" - Имам Матуридидің кәләм және ақида бойынша барлық көзқарастары қамтылып жазылған еңбек. Және сондай-ақ басқа да Ислам мәзһабтары мен кейбір ағымдар жөнінде мағыналы мәліметтер жазылған. Бұл кітап Матуриди мәзһабының негізгі қайнар бұлағы болып саналады. "Китаб әт-Таухидтің" жалғыз нұсқасы Кэмбриж университетінің кітапханасында сақтаулы тұр. Ал енді "Тәуиләтул Қуранды" Матуриди өз қолымен жазбаған екен, оның айтқандарын шәкірттері жинақтап, кітап етіп шығарған. Бұл нәрсе "Тәуиләтул Қуран" Матуридиге жат, бөтен дегенді білдірмейді. Өйткені кітаптың ішінде орын алған мәліметтер Матуридиге тиесілі, қатысты екендігіне еш күмән жоқ.
Тәуиләтул Қуранның" қырыққа жуық қолжазба нұсқалары бар. Олардың басым бөлігі Түркияда және сондай- ақ Сирияда, Мысыр елінде, Англияда және Германияда да бар.
Жалпы айтқанда, өз дәуірінің кемеңгер ойшылы Әбу Мансұр Матуридидің жалпы саны 14-15 ке жуық еңбек жазған, бірнеше кітаптардың авторы.
Әңгімемізді түйіндей келе айтарымыз, Имам Әбу Мансұр Матуриди - Ислам ақидасын қорғаған, әһли сүннет уәл жамаға тәлімдерінің ғылыми негіздерін тізбектеп бекіткен ғалым болған. Ол өз заманында түрлі бидғатшыл ағымдардың теріс сенім-нанымдарына өзінің тұшымды жауаптарымен дәлелдер (раддия) берген ғалым. Бұл тұлғаның туылғанына шамамен 1160 жыл толуына орай Орта Азияның бірқатар елдерінде түрлі іс-шаралар да өткізілуде. Мәзһабымыздың имани сенім жүйесі осы бір тұлғаның жолынан бастау алады. Нақты айтар болсақ, еліміз Ислам дінінің сүнниттік бағытындағы Ханафи мәзһабын және Матуриди ақидасын (сенімін) ұстанады. Алла баршамызға пайдалы білім қылсын!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Тұрар Рысқұлов ауданы