Ислам діні мүміндерге тек қана намаз мен оразада емес, сонымен қатар көркем мінезді (ахлақта) болуды талап етеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен жақсы көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» - деген. Бұл хадис мұсылман адамның өмірдегі негізгі міндеттерінің бірі – көркем мінезді қалыптастыру екенін түсіндіреді.
Құран Кәрімде Алла Тағала: «Раббыңның жолына хикметпен (даналықпен) және көркем үгітпен шақыр!» - деп айтады. Бұл аятта мұсылмандарға өздерінің сөздерімен де, іс-әрекеттерімен де әділ және сыпайы болу бұйырылған.
Көркем мінездің екі түрі болады. Бірі – Алламен қарым-қатынастағы, екіншісі – адамдармен қарым-қатынастағы көркем мінез. Алламен қарым-қатынастағы көркем мінез: Алланың әмірлері мен бұйрықтарына қарсылықсыз риза болу, мейірімі мен кешірімін сезіне отырып қабылдау, тыйымдарына көндігіп, жүрегінің сол нәрседен тыныштық табуы, өзінің разы екенін білдіру, одан жалыққандық, ұнатпағандық көрсетпеу, нәпіл жақсылықтарға құштарлығын көрсету және барлық құлшылықты кең жүрекпен, құлшыныспен атқарып, қуана-қуана ұмтылу.
Адамдармен қарым-қатынаста болатын көркем мінез – өзінің құқықтары тапталып жататын болса, сол нәрсеге кешіріммен қарау, өз құқығын өзгеден талап етпеу, ашуланбастан кешіріммен қарау, басқалардың хақыларын өтеу барысында өзгеніңкін өзініңкінен артық қою. Мәселен, мұндай адам өзі ауырғанда мұсылмандар зиярат етпесе, сапардан келсе, ешкім қарсы алмаса, сәлем бергенде, сәлеміне жауап берілмесе, қонаққа барса, ешкім оған құрмет көрсетпесе, біреуден шапағат сұраса, ешкім көмектеспесе, жасаған жақсылығына алғыс айтылмаса, жиынға кіргенде ығыстырылып орын берілмесе, сөйлегенде басқалар үнсіз тыңдамаса, сұрағанда рұқсат берілмесе, шегеруін сұрағанда, қарызы кешеуілдетілмесе ренжімейді, кек сақтамайды, ашуланбайды, яғни, бір қалыптан екінші қалыпқа ауыспайды. Көңілі ортайғандай әрекетке ұрынбайды. Мінеки, дәл осындай олқылықтарда ішкі де, сыртқы да қалпы өзгермеген адам – нағыз көркем мінездің иесі. Алла мен адамның мақтауына ілігетін адам! Оның бойында қарапайымдылық, тақуалық, жақсылық тұнып тұр!
Ізгі ғалымдардың бірі: «Алла Елшісі тақуалық пен көркем мінездің басын қоса білді. Себебі, тақуалық – адам мен Алланың арасындағы қарым-қатынасты дұрыстаса, көркем мінез – адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты түзейді. Аллаға деген тақуалық Алланың махаббатына жеткізсе, көркем мінез адамдардың махаббатына жеткізеді» деген екен.
Көркем мінез – Исламның маңызды бір бөлшегі. Ол тек сыртқы әрекет емес, жанның тазалығы мен Аллағаа деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Пайғамбарымыз ( Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің көркем мінезі арқылы адамдарды Исламға шақырды. Сондықтан әрбір мұсылман өз мінезін жақсартып, Аллаһтың ризалығын іздеуі тиіс.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі