ДӘСТҮР ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

ДӘСТҮР ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.

Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық әрі өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы — мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет-ғұрып,  ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі.

Дін мен дәстүр – қашан да бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десекте те болғандай. Қазақтың бір дәстүрінің түбін қазсаң дінге келіп тіреледі. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп жатамыз. Бірақ салт-дәстүр – есте жоқ ескі заманнан келе жатқан бабалардан қалған бағзы жол. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» дейді дана халқымыз. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне қарай қалыптасты. Бүгінгі таңдағы басты мәселе – халықтың асыл қазынасын жастардың бойына сіңіре білу, рухани байлығынан сусындату, салт-дәстүрін, тілін, дінін, ділін үйрету, бойына дарыту.

Ендігі мақсат – асыл дініміз Ислам мен бабалар ұстанған салт-дәстүрлерімізді халыққа кеңінен насихаттау, дін мен дәстүрдің сабақтастығын келер ұрпаққа жеткізу, дәстүрді дәріптеу арқылы жат ағымның арбауына іліккен жастарды дұрыс жолға бағыттау. Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан діні – Ислам. Ал діни дүниетанымдық ұстанымы Исламның негізгі қайнар бұлағы Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне негізделген. Ендеше, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлықтаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманат пен қазынамызды сақтаған боламыз.

Рисбаев Айтбек Төленұлы

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Жібек жолы ауылы «Жібек жолы» мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: