Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас, – деп басталатын өлеңін әрі қарай оқысақ ұлы ақын достық пен қастықтың, ар мен ұяттың өлшемі жүректен туындайтын қасиеттер екенін ұғындырады.
Жүрек – дене мүшенің патшасы. Дене жасушаларын қоректендіріп, тамырлар арқылы ағзаға қан айналымын жүйелеп беріп отыратын орталық мүше – жүрек. Тән мен жанды тұтастығын мен беріктігін біріктіретін тіршіліктің көзі болып саналады. Бұл тура мағынасында. Ал ауыспалы мағынада жүрек – иманның тұрағы, адамгершіліктің құтысы, махаббаттың шырағы, Алланың нұры. Адамды адам ететін иманның тұрақтайтын мекені - жүрек, тірі жанның болмысы. Осы айтылғандардың тобықтай түйіні ретінде өзімізден сұрап көрдік пе? «Жүрек кім деп соғады?» - деп.
Қасиетті Құран Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылады.
«Рабымыз, Өзің бізді тура жолға салғаннан кейін, енді жүректерімізді хақ жолдан аударма» (Әли-имран сүресі (3) 8-аят).
Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде : «Алла адамның түр-әлпеті мен мал-мүлкіне қарамайды, оның жүрегіне қарайды» - дейді екен.
Шығыстың философ ғалымы Әбу Мұхаммед әл-Ғазали: «Жүрек – адам денесінің барлық мүшелермен байланысты және мемлекет әміршісі сияқты оларға билік жүргізеді» дейді.
Яғни жүрек – иманның көрінісі, иманды адамның жүрегі нұрланып тұрады. Адамның игі қасиеті жүректен шығады, жақсылыққа қуанады, жамандықтан жиренеді. Ақиқат тапқан жүрек алдамайды, алаламайды, адалдықтан айнымайды. Алла жүректі иман, мағрифат және махаббат үшін пайдалануды әмір етеді. Ұлы Абай «Алла деген сөз жеңіл» атты өлеңінде:
Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты
Махаббат қылса тәңірі үшін, – деп жүрек пен ақылды махаббатпен бағындыра білуді меңзейді. Ұлы ақынның «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» атты өлеңінде:
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – дегені үнемі алға ұмтылу, ізденудің сипаты – «Ыстық қайрат», ізгілікті іс, жақсылыққа пейілді болу – «Нұрлы ақыл», иманды болу жолында адамдарға мейірмандылық сыйлау – «Жылы жүрек». Осы үш қасиетті ізгілікке жұмсай алғанда ғана толық кемелдене алатындығын, жетілетіндігін алға тартқан. Құран кәрімдегі Бақара сүресі, 8-аятындағы: «Алла сендерді тілдеріңдегі бос аяттарың үшін жазаламайды. Керісінше, жүректеріңнен істелген анттарың арқылы жазалайды» – деген ақиданы еске түсіреді. Сол үшін Жаратқан Алла Тағала адам баласының иманды яки имансыз болуының, таза яки күнәһар болуының басты себебін адам баласының жүрегіне байланысты екендігіне назар аудартады.
Мұсылман ғалымдары бір ауыздан «Жүрек ауруы – қатерлі дерт» деген тоқтамға келген. Себебі, жүрек науқастығының нәзіктігі сонша, адам бұл ауруға шалдыққанын сезбей де қалады. Ондай адам күнделікті өзінің ықтиярымен, қалау-жігерімен өмір сүріп жүргендей сезінеді.
Жүректің қатаюына көптеген себептер бар. Олардың ең негізгілері мыналар:
- Күнәны көбейту, оны тұрақты түрде істеу;
- Парыз амалдарды Алла бұйырғандай орындамау;
- Харам істерді ұялмай, еркін істеу.
Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Міне, (содан кейін) оларды уәделерін бұзғаны үшін рақымымыздан алыстатып, лағнеттедік әрі тас жүректі қылдық», – деген («Мәида» сүресі, 13-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты сәлемі болсын): «Мүмин адам қандай да бір қателік жасаса, ол жүрегіне қара нүкте болып қадалады. Жасағанына өкініп, тәубе етсе, әлгі нүкте жүрегінен алынады. Қателігі көбейген сайын нүктесі де зорайып, ақыры жүрегін қалың күйе басады. Бұл Алла Тағала қасиетті Құранда айтқан «райн» атты қалың күйе», – деп түсіндіреді (имам Тирмизи).
Бұрынғы өткен даналар: «Жалған дүниеде қалып кететін тәніңді әсемдегенше, ақыретте өзіңмен бірге мәңгі қалатын жүрегіңе көңіл бөл», – дейді екен.
Құрметті бауырлар біздерді изгілік пен туралыққа жетелеп, өмірімізге мән берген және бақытқа толтырған Алла Тағаланың берген сыйы ретіндегі жүрегімізді қара дақпен емес нұрмен толтыруға әрекет жасауға тырысайық. Бұл жалғанның арбауына алданып Алланың алдына қара даққа тола жүрекпен бармайық. Жүрегіміз тек Алла деп соқсын. Аллам баршамызды рахына бөлесін.
Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің
наиб имамы Азамат Балхожаев