Ел мен жерді қорғаудың өшпес өнегесі мен ерліктің ерен үлгісі болып, тарих бетіне мәңгі жазылып қалған, үлкен рух пен жанқиярлықтың арқасында жауды жеңген Ұлы Жеңіске биыл 80 жыл толып өтті. Ұлы Отан соғысының жеңісі – біздің тарихымызда ерліктің, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың асқақ шыңына айналды. Сол заманмен өмірлері қатар келіп, отты жылдарда жеңіс үшін өз жандарын құрбан еткен бірнеше миллиондаған адамдардың есімдерін есте сақтап, болашақ үшін ерен еңбекпен, қайсар ерлікпен өткізген ардагерлерді қазіргі кезде де еске алуды одан әрі арттырмасақ, кемітпеуіміз керек. Өткені өткенін ұмытқанның болашағы бұлыңғыр.
Отты жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына 1,5 миллион қазақстандықтар қатысты. Қазақстан соғыс жылдарында Кеңес әскерін азық-түлік, керек-жарақпен қамтамасыз етіп, жүз мыңдаған адамдардың панасына айналды. 1 миллион 500 мың қазақстандық майданға аттанып, оның жартысынан көбі ұрыс алаңынан қайтпады.
Қазақстандықтардың әскери жолы қаһарлы 1941 жылы Москва маңында басталып, 1945 жылы көктемде Берлинде аяқталды. Сұрапыл соғыста бес жүз қазақстандық Кеңестер Одағының батыры, жүзден астамы «Даңқ» орденінің кавалері атанды, оның ішінде 4-і Кеңестер Одағының 2 дүркін Батыры атағына ие болды.
Сол жылдары қазіргі Суханбаев ауылдық округіміздегі үш ауылдан Ұлы Отан соғысына 247 азаматымыз аттанған болатын, соның 104-і туған еліне қайтып оралып, 143 майдангер соғыстан оралмай қалды.
Сол соғыста жерлесіміз Ақәділ Суханбаев та асқан ерлік көрсетті. 1944 жылы шілденің 31 күні Польша жеріндегі Стжельцовизна селосы маңындағы шабуыл кезінде аға лейтенент П.Корсаков басқарған рота жаудың оқ боратқан пулеметіне тап болады. Шабуылдағы жауынгерлердің беті қайтып орындарында жатып қалады. Мұны көрген Ақәділ Суханбаев пулеметтің үнін өшіру үшін оған жақындап барып, гранат лақтырмақ болады. Алайда екі қолынан да жараланады. Жауынгерлер шығынға ұшырап жатқан шақта не істеу керек? Туған жердің, киелі бабалардың қасиеті мен әруағын бір сәт еске түсірген жауынгер тік жүгірген күйде жау пулеметінің аузын кеудесімен жабады.
Жас ғұмырын оққа тосқан батырды бұрынғы Кеңестер Одағының Литва ССР-і Друскиникай қаласында құрметпен қайта жерленген. Мыңдаған жауынгер алдында жасаған ерлігі үшін батырдың есімі Ұлы Отан соғысы тарихына алтын әріптермен жазылды. 1945 жылы 24 наурызда СССР Жоғарғы Кеңес Президиумының Указымен қатардағы жауынгер Ақәділ Суханбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның ерлігі Ресейде, Беларусьта, Литвада да құрметпен аталады. Жеке қаруы Мәскеудегі ТМД Қарулы күштері мұражайында сақтаулы.
Қазіргі кезде ол кісінің атымен өзіміздің Суханбаев ауылдық округі, Суханбаев орта мектебі, осы ауылда А.Суханбаев атындағы көше, Сарыкемер ауылында бір көше, Сарыкемердегі саябақ, Тараз қаласында бір көше және Тараз қаласындағы қалалық әскери қорғаныс бөлімінің алдындағы еңселі ескерткіш орнатылған. 1974 жылы облыс көлемінде Ұлы Жеңістің 30 жылдығы, 2004 жылы Ұлы Жеңістің 60 жыл толу мерекесі аталып өтілді.
Бертінде Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысында өшпес ерлікпен қаза тапқан Ақәділ Суханбаевтың 2020 жылдың 15 желтоқсанында туғанына 100 жыл толуына орай, Қарасу ауылындағы бұрынғы тұрған екі бөлмелі үйі мұражай ретінде ашылды. Өзінің есімі берілген орта мектептің алдына орнатылған бюстіндегі солдаттың орнына өзінің жас кезіндегі суретінен жасалған бюстіне ауыстырылып, қойылды. Жыл сайын ауылдық округтің әкімі аппаратының ұйымдастыруымен бюстіне гүл қою рәсімі мен футболдан еске алуға арналған турнирі өтікізіп отырады.
Біздің аталарымыз тек соғыста ғана емес, сонымен қатар көптеген аталарымыз бен апаларымыз тылда аянбай еңбек етті. Сөйтіп қыран еңбектерімен Жеңіс күнін жақындатуға септігін тигізді.
Елі үшін жаумен соғыста батырлық көрсетіп, жас өмірін аямай отқа түскен даңқты ерлік пен еңбекті дәріптеп, есімдерін ұлықтап, құрмет көрсету жалғаса бермек.
Турлыбаев Нұртилеу
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
«Қосы батыр» мешітінің имамы