Тараз қаласындағы облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде ұйымдастырылған «ИМАНИ ЖАЗ – 2025» жазғы сауат ашу курсы өз мәресіне жетті. Қорытынды жиында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы сөз сөйлеп, шәкірттерге діни білім алудың маңыздылығын түсіндіріп, алған ілімдерінің өмірлік пайдалы болуын тіледі.
Жазғы курс аясында балалар Құран әліппесін, намаз оқу тәртібін, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірбаянын және адамгершілік-ахлақ тақырыптарында арнайы сабақтар алды. Оқу үрдісі қызықты форматта ұйымдастырылып, тәрбиелік ойындар мен түрлі іс-шаралар арқылы балалардың танымын кеңейтуге бағытталды.
Биылғы курсқа ата-аналардың сұранысы бойынша 135 бала қабылданды. Оның ішінде 75-і ұл бала, 60-ы қыз бала. Балалар жазғы демалысын пайдалы өткізіп, діни әрі рухани білімге деген құлшынысын арттыра білді.
Жиын соңында барлық шәкіртке балмұздақ пен тәтті шоколадтар таратылып, оқушыларға алғыс хаттар табысталды. Иман мен ізгілікке толы балалық күндердің осылайша есте қаларлық сәттермен түйінделуі – үлкен тәрбиенің көрінісі.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі