Тараз қаласындағы "Кеңесхан қажы" мешітінде жаздық сауат ашу курсына қатысып жатқан шәкірттер арасында тағылымы мол танымдық сайыс өтті. Шараның басты мақсаты – балалардың діни білімін тереңдетіп қана қоймай, ұлттық тәрбиені бойларына сіңіру.
Игі бастаманы мешіт ұстазы Зейнеп Жәдігерқызы қолға алып, шәкірттерге екі кезеңнен тұратын сайыс ұсынды. Алғашқы бөлімде қатысушылар мақал-мәтелдер арқылы тапқырлық пен тіл шеберлігін танытса, екінші бөлімде «Дұғам қабыл болсын» тақырыбында рухани ой жарысы ұйымдастырылды.
Сайыс барысында шәкірттердің Құран мен хадиске деген қызығушылығы мен білімге деген құлшынысы ерекше көзге түсті. Қазылар алқасы тарапынан әділ бағаланған білімпаз қыздарға арнайы марапаттар мен мақтау қағаздары табысталды.
Бұл игі шара жас буынның имани тәрбиесін қалыптастырып қана қоймай, оларды ұлттық құндылықтарды бағалауға, сөз өнерін құрметтеуге тәрбиелейтін берекелі басқосу болды.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі