Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» мешітінің жанынан ашылған «Қарилар» курсы қос шәкіртін түлетіп, қасиетті Құранды толық жаттаған жас қариларды қасиетті жұма күні халыққа таныстырды.
Жас қари Мұхаммедәли Бақытжанов қарилықты сәтті аяқтап, енді «Һибатулла Тарази» медресесінде білімін жалғастырмақ ниетте. Ұстазы Бірлік Амангелдінің айтуынша, шәкірті курсты тәмамдар тұста: «Ұстаз, енді не істесем болады?» – деп сұрағанда: «Құран жаттау – бір белес. Бірақ оны терең ұғыну – келесі саты. Құраныңды қайталауды тастамай, медресеге оқуға тапсыр. Құранды биік мұнара деп ойла – оған баспалдақсыз қалай шығасың?» – деген ақыл-кеңес бергенін жеткізді. Мұхаммедәли бұл сөзден жігер алып, діни білімін тереңдетуге бел буған.
Сондай-ақ осы күні Қалықов Ердан есімді шәкірт Құранды такрормен (қайталай отырып) толық аяқтап, алдағы уақытта тарауық намаздарын жүргізуге дайын екенінгі қуантты. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жамағат алдында жас қариларды ресми түрде таныстырып, оны Ұмра қажылығына жолдама, айфон сыйлығымен және қарилық курсты аяқтағаны жөніндегі арнайы сертификатпен марапаттады. Сонымен қатар, бас имам мен жамағаттың батагөй ақсақалдары қарилардың болашағына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Бұл – өңірімізде Құранға деген құрметтің, діни білімге деген құштарлықтың артып келе жатқанын айғақтайтын рухани қуанышты сәт.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі