ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлының басшылығымен өңірге қарасты қала және аудан бас имамдарының қатысуымен онлайн жиналыс өтті. Жиынға наиб имамдар мен бес бағыт бойынша жауапты мамандары қатысты.
Жиында күн тәртібіне қойылған бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, мешіттердегі тазалық пен санитарлық жағдай, соның ішінде дәретханалар мен ішкі-сыртқы аумақтың жай-күйі назарға алынды. Сонымен қатар, мешіттерге орнатылған бейнебақылау камераларының жұмыс істеу мерзімі мен қауіпсіздік талаптары пысықталды.
Жиын барысында Ғалымбек Жапек құжаттармен таныстырса, Нұрлан Мұрат құдайы ас беру кезіндегі ысырапшылықтың алдын алу жөніндегі арнайы ережені таныстырды. Сондай-ақ, Әбдіқадір Сейтқадір Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуалар мен қазіргі қоғамдағы неке мен талақ мәселесіне қатысты түсіндірме жұмыстарын ұсынды.
Жиын қорытындысында Бас имам Асқар Зәкіржанұлы қатысушыларға нақты тапсырмалар жүктеп, діни қызмет сапасын арттыру, халықпен тығыз байланыс орнату және ел ішінде тәрбие мен руханиятты нығайту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі