КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ДІН

КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ДІН

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзат қоғамы түрлі дамуды бастан кешірді. Өмір сүру жағдаяттарын оңтайлы ету, еңбек өнімділігін арттыру, әсіресе жаугершілік замандарда қорғаныс пен шабуыл құралдарын жетілдіру қажеттілігі, жерасты пайдалы қазбаларын алу және оларды өңдеп, қолданысқа еңгізу қарапайым құралдар, аспаптар мен қару-жарақтардан бастап, қазіргі технологиялық прогресске дейінгі өркениеттің дамуына алып келді.

Компьютер мен ғаламтор ұсынған мүмкіндіктер цифрландыруға жол ашты.

Ыбырай Алтынсарин бабамыз:

«Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды;

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды» – деп жырлаған жетістіктер жаһанданудың әсерімен елімізге де келіп жеткені қашан!

Қазақстан цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтин-гінде ТОП-35 елдің қатарына енді. IMD World Digital Competitiveness 2024 халықаралық рейтингінің де-ректеріне сәйкес, Қазақстан әлемнің 67 елі ішінде 34-орынға тұрақтап, цифрлық бәсекеге қабілеттілік саласындағы өз позициясын сақтап қалды. ТМД елдері арасында Қазақстан 1-орынды иеленді. Қазақстаннан кейін Ресей (36), Беларусь (40), Украина (69), Молдова (79), Өзбекстан (87) және т.б.елдер орналасқан.

«Алмақтың да салмағы бар» демекші, әр жетістіктің өзіндік қиындықтары да болады. Өркениеттің бұл жетістіктері қылмыстың жаңа түрлеріне жол ашты. Атап айтқанда, кибербуллинг және сол арқылы жасалатын түрлі заңға қайшы әрекеттер.Кибербуллинг – бұл цифрлық технологияларды пайдалана отырып қорқыту, қинау және жәбір көрсету. Мұндай әрекеттерге қарсы елімізде киберқауіпсіздік шаралары қолға алынады.

Киберқауіпсіздік дегеніміз – компьютерлік жүйелерді, деректерді, бағдарламалық жасақтарды және адамдарды киберқауіптер мен киберқылмыстардан қорғауға бағытталған технологиялар, үдерістер мен тәжірибелердің жиынтығы. Ұлттық статистика бюросының былтырғы дерегі бойынша елорда тұрғындарына интернет-алаяқтардың кесірінен келтірілген залал мөлшері 2 млрд 600 млн теңгеден асып кеткен. 3 600-ден астам алаяқтық фактісі тіркелген. Ал бұл көрсеткіш республика аумағында 13 700-ден асады. Алаяқтардың арбауына түскендердің бәрі бірдей құқық қорғау органдарына жүгіне бермейтінін ескерсек, бұл цифрлар әлдеқайда көп болуы да ықтимал.

Өзіміздің жеке мәліметтерімізді әлеуметтік желілерге салғанда өте мұқият болуымыз керек. Себебі, мекенжай, телефон нөмірі, төлқұжат сияқты мәліметтер жарияланғанда алаяқтардың қолына түсуі мүмкін. Хакерлер аккаунтыңызды бұзып, оны басқа мақсатта пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ жеке суреттер мен мәліметтерді өңдеп, басқа контекстте қолдануы мүмкін екенін де қаперге алыңыз.

Онлайн курстарға, жиналыстарға қатысатын адамдардың жеке деректері ұрланып жатады. Бұл – жеке өмірге араласу мен құқықтардың бұзылуына алып келеді. Сондықтан атам қазақтың «Сақтансаң, Құдай сақтайды» деген аталы сөзіне амал еткеніміз абзал деп ойлаймыз. Интернет-алаяқтық осы кибербуллингке негізделеді. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке мәліметтеріне қол жеткізе алатын мемлекеттік кейбір қызметкерлер, Ұлттық банк және екінші дәрежелі банктердің қызметкерлері мына нәрсені білулері тиіс: Еліміздің азаматтарының жеке мәліметтері құпия санатына кіргендіктен, оларды үшінші тұлғаларға беріп жіберу заң алдында қылмыс, діни тұрғыда үлкен күнә саналады.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 18-бабы-ның 2-тармағында: «Әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөз-дерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақ-талуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі» деп жазылған. Демек, бұл мағлұматтар – аманат. Аманатқа қиянат жасау, діни тұрғыдан алғанда – екіжүзді адамның ісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екіжүзді адамның үш белгісі бар: сөйлесе, өтірік айтады, уәде берсе, орындамайды, аманат тапсырылса, қиянат жасайды», – деген (имам Бұхари, имам Мүслим).

Кез келген адамның сыры қорғалуы тиіс аманатқа жатады. Хадисте Алланың ардақты елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір кісі екінші кісіге бір сөз айтып, екеуі тарқасса, әлгі сөз – аманат», - деген екен (Әбу Дәуіт, әт-Термизи). Кибербуллинг арқылы біреудің жеке мәліметін қолды етіп, есепшотындағы қаржысын жымқырған адам ұрлық жасаған болып саналады. Ал қазақы ұғымда ұрлық түбі – қорлық! Ал адамның жеке мәліметіне қол жеткізіп, оның ар-намысына тиіп, оны әлгі құпия мағлұматтар арқылы бопсалау өз алдына қылмыс әрі күнәлі іс екенін естен шығармау керек. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мұсылманның қаны, дүние мүлкі және ар-намысы мұсылманға харам», – деген (имам Бұхари, имам Мүслим). Құранда Алла Тағала: «Бір-біріңнің мал-мүлкіңді арам жолмен жемеңдер», – дейді («Бақара» сүресі, 188-аят). Сондай-ақ Жаратушымыз: «Сендер адамзат (игілігі) үшін шығарылған, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын әрі Аллаға иланатын ең қайырлы үммет (қоғам) болдыңдар», – деп, Құран Кәрімде мұсылман қоғамының негізгі бағыт-бағдарын нақты айқындап берді. Демек, ізгілік қоғамы өзі жақсы болумен қатар, өзгені жақсылыққа бастауымен, жамандық атаулыдан сақтандыруымен әрі Жаратушыға деген бек сенімімен ерекшеленеді екен. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – қырық парыздың бірі. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», «Құдайдан қорықпағаннан қорық», – деген бабаларымыз.

Ізгіліктің ақ туын көтерген елде алдап соғу мен қулыққа жол жоқ, болмауға тиіс. «Бізді алдап соққан бізден емес», – дейді Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болғай). Хәкім Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол», – деген екен. Яғни, әулиені шетелден бұрын өзімізден іздеу керек. «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – уәли» дегендегі Қыдырымыз – Құран мен хадистегі Қыдыр ата болса, ал уәли деп отырғаны Құдайдың кез келген әулие құлы емес пе?!

Еліміздегі неше-түрлі қулық-сұмдыққа баратындар өз әрекеттерін орыс халқының «Хочешь жить, умей вертется» деген мақалымен ақтап алғысы келетін болар... Бәлкім, өздері бұл мақалды қате түсінсе керек... Бұл мақалдың негізгі мәнін орыс тілі мен әдебиетінің майталмандарына қалдыра отырып, бұл мақаланы өзіміздің қазақтың бір аталы сөзіне тоқталып, түйіндейік. Қазақ атамыз: «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді. Қазақ заманың түлкі болса, сен де түлкі бол, демейді. Түлкі ненің нышаны? Қулықтың нышаны емес пе?! Ал тазы ит ше? Жеті қазынаның бірі – тазы адалдықтың, еңбекқорлықтың, ептіліктің белгісі емес пе?! Олай болса, қазекем, әлгі мақал арқылы «заманың қанша жерден қулық-сұмдыққа толы болса да, сен өзіңнің табанды еңбегіңмен, адалдығыңмен оза шауып, мақсат-мұратыңа адал жолмен жете біл» деп тұрғандай.

Мұсылман адам өзгеге тілімен де, қолымен де залал бермеген адам екендігі хадистен мәлім. Олай болса, компьютер мен смартфон сияқты озық жабдықтарға жүгініп, саусағының ұшымен болса да, кісі ақысына қол сұғып, күнәға кіріптар болып, қылмысқа барып қоюдан Құдайым өзі сақтасын!

Жұмағұл Қанат Әділханұлы,

Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы   

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: