Шу ауданы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен “Құранмен нұрланған жүректер” атты рухани кештің 2-ші рет өткізілуі — ерекше маңызға ие оқиға болды. Шара барысында ауданымызда Құранға түскен әйел жамағатына арнап Тәж кигізу рәсімі ұйымдастырылды.
Рухани кешке арнайы Жамбыл облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева ханым қатысып, жамағатқа тағылымды уағыз-насихат айтты. Жиналған әйел қауымына әсерлі насихат пен жүрекке жеткен сөздер ерекше рух берді.
Кеш барысында 80-ге жуық әйел жамағаты Тәж киді. Аудан ұстаздары барлық шәкірттерге Құран ілімінде табандылық танытып, оны тек оқуымен ғана емес, өмірінде амал ететін тақуа құлдар қатарынан болуын тілеп, жүрекжарды ақ баталарын арнады.
Бұл кеш — ауданымыздағы Құранға деген сүйіспеншілік пен рухани ізденістің жарқын көрінісі болды.
Шу аудандық “Жәми” мешітінің баспасөз қызметі.