Шу ауданына қарасты “Төле би” ауылындағы мешітте дәстүрлі “Имани жаз – 2025” атты жазғы діни сауат ашу курсы өз жұмысын бастады. Бұл игі бастама – жас буынның имандылыққа бет бұрып, жазғы демалысты пайдалы әрі мағыналы өткізуіне зор мүмкіндік.
Биыл мешіт қабырғасында қазақ және орыс ұлттарына арнап 4 топ ашылып, шәкірттер діни сауаттарын арттырып жатыр. Сабақтарды арнайы тәжірибелі ұстаздар – Руқиям Абдуллақызы мен Насихат Доғдырбайқызының жетекшілігімен жүргізілуде.
Курс барысында шәкірттер араб әліпбиін үйреніп, “Имандылық әліппесі” секілді оқулықтармен жұмыс жасауда. Сонымен қатар, рухани тәрбиемен қатар, әртүрлі ойындар, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар, сыйлықтар мен тәттілер тарату арқылы балалардың қызығушылығы мен белсенділігі арта түсуде.
Мешіттің бас имамы Талғат Кәрібайұлы ұстаздардың еңбегіне ризашылығын білдіріп, олардың тек білім беріп қана қоймай, болашаққа жол көрсетуші рухани тәрбиешілер екенін атап өтті.
Осындай игі шаралар – өскелең ұрпақты имандылыққа, отаншылдыққа және адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі.
Шу аудандық “Жәми” мешітінің баспасөз қызметі.