Тараз қаласындағы 15-ші мөлтек ауданда орналасқан "Әлі ата" мешітіне жаңа имам тағайындалып, қасиетті жұма күні жамағат алдында салтанатты түрде таныстырылды.
Бұл рухани маңызды шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы арнайы қатысып, жаңа имамды мешіт жамағатына таныстырды. Бас имам жас маманның бұған дейінгі еңбектеріне тоқталып, жаңа қызметіне сәттілік тілеп, имамдық жолда табандылық пен жауапкершілік тіледі.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен "Әлі ата" мешітіне Ернар Ерболұлы имам болып тағайындалды. Ернар Даулетқазы "Кеңесхан қажы" мешітінде наиб имам, сондай-ақ "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінде тәрбиеші болып қызмет атқарған.
Жаңа имамның таныстырылымынан кейін Асқар Зәкіржанұлы жамағатқа жұма уағызын айтып, хұтба оқыды. Уағызда жұма намазының қасиеті мен имамның қоғамдағы рөлі туралы тағылымды насихаттар айтылып, жамағаттың рухани бірлігі мен ынтымағына назар аударылды.
Мешіт жамағаты жаңа имамды қуана қарсы алып, алдағы қызметіне табыс пен береке тіледі.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі