Әр ай сайын дәстүрлі түрде жүзеге асып келе жатқан «Таза Қазақстан – Таза мешіт» жобасы аясында облыс көлеміндегі барлық мешітте сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Игі бастаманы өңірлік деңгейде алғаш болып «Һибатулла Тарази» мешіті қолға алып, кейін бұл шара облысқа қарасты қала, аудан және ауыл мешіттерінде де жалғасын тапты.
Сенбілікке мешіт қызметкерлерімен бірге шәкірттер мен жамағат белсене қатысып, Алланың үйінің ауласын тазалап, ішкі-сыртқы аумағын ретке келтірді. Мешіт маңындағы гүлзарлар мен жасыл желектерге күтім жасалып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.
— Мешіт – рухани тәрбие ошағы ғана емес, тазалық пен тәртіптің де көрінісі болуы керек. Қасиетті хадисте: «Тазалық – иманның жартысы» делінген. Сондықтан да бұл жобаның тәрбиелік мәні терең, – дейді Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы.
Игі шара халыққа үлгі болып, жамағат арасында тазалық пен ұқыптылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастама болашақта да өз жалғасын тауып, мешіттеріміздің келбетін одан әрі көркейте түспек.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі