1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі тарапынан игі іс-шара ұйымдастырылды. Облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы бастаған имамдар Тараз қаласындағы балалар үйіне арнайы барып, бүлдіршіндерді төл мерекелерімен құттықтады.
Игі шараға ҚМДБ Зекет қорының Жамбыл облысындағы өкілі Ержан Аманбаев, “Уақып” қорының өңірлік өкілі және Жастар секторының жетекшісі Есет Таласбаев, “Әл-Фирдаус” мешітінің имамы Ержан Көшкінбаев қатысып, балалармен емен-жарқын кездесті.
Мерекелік басқосуда Бас имам Асқар Зәкіржанұлы сөз сөйлеп, балаларға ақ тілегін арнады.
– Балалар – жүрегіміздің үміті, болашағымыздың шамшырағы. Олардың жүзіндегі күлкі мен қуаныш – біз үшін баға жетпес байлық. Ислам діні жетімге қамқор болуды, мейірім мен жанашырлық танытуды әрдайым насихаттайды. Осы орайда біз де балалардың мерекесінде бірге болуды жөн көрдік, – деді Бас имам.
Кездесу соңында қонақтар тарапынан балаларға тәттілер мен балмұздақтар таратылып, мерекелік сыйлықтар үлестірілді. Шараға жұмсалған қаражат көлемі 100 000 теңгені құрады.
Мұндай игі істер – қоғамға мейірім мен жылулық сыйлайтын, ізгілікке үндейтін нақты қадам. Балалардың қуанышы – ел болашағына сенім ұялатар үлкен күш.
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі