Жамбыл облысының халал стандарттау және сертификаттау өкілі Карипбаев Аблайхан Ғабитұлы арнайы іссапармен Меркі ауданына келіп, жергілікті әйелдер жамағатымен кездесу өткізді. Кездесу барысында халал стандартқа сай өнімдер жайында кеңінен әңгіме қозғалды.
Аблайхан Ғабитұлы қатысушыларға халал өнім дегеніміз не, оның талаптары қандай, қазіргі нарықтағы халал белгісі бар тауарларға қалай сенімді болуға болатыны туралы нақты мысалдар келтіре отырып, түсініктеме берді. Сонымен қатар, халал стандарттау жұмыстарының елімізде қалай жүргізіліп жатқаны туралы ақпараттар ұсынылды.
Кездесу сұхбат форматында өткендіктен, әйелдер жамағаты көкейіндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Әсіресе, күнделікті тұрмыста пайдаланатын азық-түлік өнімдері мен косметика, тұрмыстық тауарлар халалға қаншалықты сай келетіні жайлы сұрақтар жиі қойылды.
Мұндай кездесулер халықтың діни сауатын арттырумен қатар, тұтынушы ретінде сапалы әрі сенімді өнімді таңдауға көмектесетіні сөзсіз. Иманды ұрпақ тәрбиелеу жолында халал тұтынудың маңызы зор екенін түсінген жамағат өкіліне алғыстарын білдірді.
Меркі аудандық “Меркі ата” мешітінің баспасөз қызметі.