Уақыптың – қоғам игілігі үшін маңыздылығы!

Уақыптың – қоғам игілігі үшін маңыздылығы!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ең әуелі күллі мадақтар 18 мың ғаламды мүлтіксіз жаратқан ұлы Раббымызға болсын. Сондай-ақ Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у) сан-санақсыз салауат жаусын. 

Уақып сөзінің тілдік мағынасы тосқауыл, кедергі болу деген мағынаны білдірсе, шариғатымыздағы мағынасы белгілі бір мүлікті үздіксіз (аталмыш дүние жарамсыз болып қалғанға дейін) қайырымдылық жолында жұмсау дегенді білдіреді. 

Әбу Ханифадан басқа Ханафи ғалымдарының  және Ислам құқықшыларының көпшілігінің пікірлерінше уақып мәндуп сүннет болып есептеледі. Яғни, шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын амалдардың бірі әрі бірегейі.

 Ал енді осы уақыптың нақылдан дәлелдері өте көп. Соның тек бір мысалын ғана келтіре кетуді жөн көрдім.

«Ей, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер»,(Бақара-267 аят) – деп ескерткен.

  Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады»-деп, Алла жолында садақа берудің сауабын айтып өткен екен.

 Асыл дінімізді қадірлеп, дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз да уақып қадірін жақсы түсінген.    Мысалы,  Бейбарыс Сұлтан бабамыз Мысыр елінде салған мешіті және Ислам жұртына ардақты үш мешіт: Меккедегі Харам мешітін, Мәдинадағы Пайғамбар мешітін, Құддыс қаласындағы Әл-Ақса мешітін күрделі  жөндеуден өткізіп кеңейткені белгілі.

  Құнанбай қажы бабамыз Меккеге қажылық жасауға барған қасиетті сапарында киелі шаһардан «Тақия» атты қонақ үй тұрғызып, уақып жасағаны белгілі. 

Құрметті ағайындар! Асыл дініміз Жаратушы алдындағы амалдарымызды толық орындаумен қатар, адамдарға пайдалы әрі жәрдемші болуымызды да насихаттайды. Халқымызда; өзін өзі ойлаған – жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі» - демекші, өзіміз үшін ғана емес, көпшілікке де пайдалы болуымызды Жаратушы Иеміз нәсіп етсін.

Ахат Қайыпбергенұлы

"Әбдірашит ата" мешітінің имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: