Барша әлемді жоқтан бар еткен, бүкіл құдырет құзырында болған Мейірмді де Рахымды Алланың атымен бастап, мадақ пен мақтау айтамыз. Алланың сүйікті құлы, адамзаттың ардақтысы, Пайғамбарлардың асылы, ақырғы елші Алланың құлы Мұхаммедке (с.ғ.с.) және Оның отбасы мен ізбасарларына салауат пен сәлемдер жолдаймыз.
Ислам діні барша адамдарды құрмет санайды, әрі олардың ішінде туыстық, бауырлық, көршілік жақындығына қарай дәрежелері бар. Дініміз қонақкәдеге аса зор көңіл бөлген. Оның әдептерін белгілеп, сауаптарын саралап қойған. Қонақты күтіп, құрметеудің екі дүниемізге пайдасы бар екендігін хадистерден де байқауға болады.
Қонақты құрметтеу – қазаққа таңсық амал емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу аләйһи уә сәлләм бір өсиетінде: «Кім өзінің қонағына сый-құрмет көрсететін болса, жетпіс пайғамбарға құрмет көрсеткендей болады. Кім қонағына бір дирхам ақшасын жұмсайтын болса, Алла жолында мың дирхам жұмсағандай болады» деген екен. Қонақ келсе жалғыз атын союдан тайынбайтын қазақты Алланың досы хазреті Ибраһим Халилулламен салыстыруға болады. Ибраһим аләйһис-сәләм қонақсыз дастархан басына отыра алмайтын кісі болған екен. Кісі келмесе өзі іздеп болса да қонақ күткенді жақсы көріпті. Құранда Ибраһим пайғамбарға келген екі періште туралы баяндалған аятта: «Расында елшілеріміз (періштелеріміз) Ибраһимге (а.с) хош хабармен сәлем берді. Ибраһим (а.с) олардың сәлемін алып сонда дереу пісірілген бұзау келтірді», - деп баяндалады. Адам кейіпінде келген періштелерді танымай жалғыз бұзауын сойып тастап, олардың алдарына тартқандығы айтылған. Меймандарының ештеңе жемей отырғанын көріп, секемденгенін сезген періштелер, Оған Исмаил атты қадірлі пайғамбар болатын ұлмен сүйіншілеуге келген Алланың хабаршылары екенін жеткізді. Осы аяттан Ибраһим пайғамбардың қонақжайлығының қандай дәрежеде болғанын байқауға болады.
Көшпелі қазақ халқымыздың мағынасы мол керемет дәстүрлері болған, һәм әлі де бар. Халқымызда ерулік беру деген кереметтей бір дәстүрі бар.
Ерулік – жаңадан көшіп келген көршілерді үйге шақырып, дастархан жайып, қонақ қылу дәстүрі. Түп жағын зерттеп, мағынасына үңіліп қарайтын болсақ, ерулік деген адам мен адамды жақын етеді. Ерте заманда мал бағатын малшыларымыз мейлі жайлауында болсын, мейлі қыстауында болсын қоныстанған жеріне жақын болған көршілерін бауырмашылдыққа тартып, достастықтың нығайту ниетінде бір-бірлерін тамаққа шақыратын болған екен. Тіпті жаңа көршілеріне қой сойып, егер жас отау құрған көшпелі болса, оларға түрлі сыйлықтарын беріп құрметтеген екен. Оған көзіміз куә, өйткені біздер де бір заманда малшының шаңырағында туылып, өскен едік. Қазіргі уақытта бұл дәстүр ұмыт болды дей алмаймыз, бірақ некен-саяқ. Бұл салтымыз қазіргі кезде көп қабатты үйлерде тұратындар үшін өте бір керекті дүние, әрі тағылымы мол. Өйткені, қазақ халқы "Көрші ақысы – тәңір ақысы" деп, қатар қонған көршісін ерекше құрметтеген. Алыстағы ағайыннан, қасыңдағы көрші артық деген қанатты сөзді білмейтін қазақ жоқ шығар. Осы орайда дана халқымыздың "Жақсы көрші тапқаның - мол олжаға батқаның" деген нақыл сөзі бекер айтылмағандығын түсінеміз.
Ерулік беру салты қазақтың қонақжай болғандығына дәлел десек те болады. Ерулік беру - бір отбасының келесі бір отбасыға деген ілтипаты. Оған деген құрметі, әрі тез арада жақын араласып кетудің бір жолы.
Ислам тарихына көз жүгіртер болсақ, кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға хижрет (қоныс аудару) жасаған кезде Мәдиналық ансарлар Меккелік мұхажирлерге құшақтарын ашып, үйлерінен жай беріп, қонақ етіп, тамаққа шақырып (ерулік), оларға барлық жақтан көмектескендігі айтылады. Бұл бауырластық арқылы меккелік және мәдиналық мұсылмандар бір-біріне одан да жақындай түсті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір мұхажирді мінезіне сай келетін бір ансармен бауыр етті. Бұл бауырластықтың деңгейі әкелерінен қалған мал-мүлікті бөлісетіндей жағдайда еді. Әрбір мәдиналық мұсылман жерін, бау-бақшасын, үйін, малын, несі бар болса бәрін екіге бөліп, жартысын мұхажир бауырына қуана-қуана берді. Мұхажир Абдуррахман бин Ауф былай дейді: «Біз Мәдинаға көшкен кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сағд бин Рәби екеумізді бауыр етті.",- деген екен. Міне, мұның барлығы да жаңа қоныстаушыға жасалған құрмет болып саналады.
Қорыта келе айтарым, жалпы дәстүріміздің қайсысын алсақ та ауызбіршілікке, ынтымаққа, сыйластыққа бастайтынын ұғынамыз. Қаншама салтымыз, ғұрыптарымыз бар. Әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Жаратушымыз атам қазақтың өзінің ішкі ережесі, қағидасы етіп белгілеп кеткен құнды дәстүрімізді лайым ұзағынан қылсын демекпіз.
"Аспаның айлы болсын, қонысың жайлы болсын" дегендей, жаңа қоныстанушыларға деген құрметіміз арта беріп, ерулік беру салтымыз да еш ұмыт болмай, жандана берсін!
Үмбет Сабырханов
"Әл-хақ" мешітінің имамы
Рысқұлов ауданы