Сәлемдесу ең жақсы салттарымыздың бірі. Үйде, көшеде, жұмыста, жолда, қайда болсақта бір мұсылман бауырымызбен кездессек онымен сәлемдесуіміз керек. Күнделікті тіршілігімізде сәлем ретінде айтатын сөздеріміз бар. Мысалы: « Есенбісіз, аманбысыз, жағдайыңыз қалай? Қайырлы таң, қайырлы кеш, сапарыңыз оң болсын, көріскенше сау болыңыз,» деген сияқты. Бұл сөздер ұлтымызға лайық сыпайы сөздер, тілектер. Көп ұлтты отандастарымзға борша мұсылмандарға жалпы сәлем беру түрі.
Бұрындары ата-әжелеріміз бен ата-аналарымыз балаларды жанына шақырып алып «Қарақтарым көшеде үлкен кісілерді көрсеңдер жолын кеспеңдер, құлап қалса қолтығынан демеп, тұрғызып жіберіңдер. Оларды танымасаңдарда сәлем беруді ұмытпаңдар» - деп құлағымызға құйып жататын. Үлкен кісілер кішілердің сәлеміне жандары жадырап «Айналайын өркенің өссін, көргенді жердің баласы екенсің,»- деп алғыстарын жаудырып жататын.
Мұсылмандар бірімен бірі кездескеде «Әссәләму ғәләйкум»- деп амандасады. Бұл сәлем арқылы бір – біріне жақсылық, тыныштық тілейді. Сәлем берген кісіге « Уә ғәләйкум әссәләм»- деп жауап беру парыз кифая болып саналады. Сәлем алған кісіде Алла тағаланың жақсылығын, тыныштығын тілеп жауап береді. Құран кәрімде «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар. Шексіз Алла әр нәрседен есеп алушы». (Ниса сүресі, 86 аят)
Егер кісі «Әссәләму ғәләйкум,»- деп сәлем берсе , сәлем алушы «Уә ғәләйкум әссәләм уә рахматуллаһ» деп яғни «Сағанда Аллаһтың есендігі әрі рахымы болсын» - деп жауап бергені абзал. Егер кісі «Әссәләму ғәләйкум уә рахмәтуллаһ,» - деп сәлем берсе, «Уә ғәләйкум әссәләм уә рахмәтуллаһи уә бәрәкәтуһ,» яғни «Сағанда Аллаһтың есендігі, рахымы әрі берекесі болсын,» - деп жауап бергені өте жақсы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Араларыңдағы тәрбиені арттыратын нәрсені сендерге айтайын ба? Араларыңда сәлем беруді кең таратыңдар,»- деп айтып кеткен.
Сәлем берудің дұрыс тәртібі төмендегідей:
-Тұрып тұрған немесе жүріп келе жатқан адам, отырған адамға сәлем береді.
-Аз адам көпшілікке сәлем береді. Мысалы , көшеде екі немесе одан көп адамға кездессе жеке келе жатқан адам оларға сәлем береді.
- Жастар қарттарға немесе жасы үлкен кісілерге ізет жасап сәлемді бірінші береді, жасы келген кісілерде жастарды сәлемге үйрету үшін сәлемді бірінші береді.
-Бір кісі жамағатқа сәлем берсе оған көпшіліктің ішінен бір кісі сәлеммен жауап қайтарса жеткілікті болады.
-Сырқат ауру кісіге денсаулығы бар адам бірінші болып сәлем береді.
-Әйел кісілердің сәлемі ер кісілердің сәлеміндей.
Дініміздің айтуы бойынша мына жағдайларда сәлем берілмейді:
-Намаз оқып жатқан адамға, құран оқып отырған адамға, құтпа, уағыз және құран тыңдап отырған жамағатқа, азан айтып тұрған, қомат түсіріп тұрған азаншыға, құмар ойнап отырған адамдарға, арам ішіп отырған адамдарға, дастархан басында тамақ ішіп отырған адамдарға қол алысып сәлем берілмейді.
Пайғамбарымыз ( с.ғ.с ) бір хадисінде: «Сәлем кәләмнан бұрын айтылар,» -деген.
Аталарымыз айтқан «Жақсы сөз жарым ырыс» екенін ескерсек , мұсылманшн сәлемдесу –Алла тағаладан мейірім, есендік әрі береке тілейтін үлкен дұға.
Рахымбай Тусупов
Шығанақ ауылының молдасы