Дәстүр мен діннің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып ұйысуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы батырлық пен ерлік әрі көшпелі салт-дәстүрімен байланысты. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық.
Ғасырлар бойы ұлтымыздың мәдениеті салт-дәстүрлерімізден көрініс табуда. Ата-бабаларымыз салт-дәстүрді берік ұстанып, әдет-ғұрыптан аспай, ырым-тыйымдар арқылы өнегелі ұрпақ тәрбиеледі. Бүгінде беташар, сыңсу, құйрық-бауыр, сырға салу, сүндет той т.б. салттарымыз әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Қазіргі жастарымыз кейбір салт-дәстүрлерімізді біле бермейді. Оның себебі неде? Бәлкім, жастарымыз тарихқа қызықпайтын шығар? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен де, ондай жастар қазір мүлдем кездеспейді деу шындыққа да жанаспайды.
Қазақтың жадынан шығып қалған дәстүрлері мен ырымдарын еске түсірсек. Бұрынғы алтыбақан мен ақсүйек ойынын айтпағанда, азды-кемді атап өткенімізбен ұмытылып бара жатқандары да баршылық. Айталық, «дәмету» деген ырымды білесіз бе? Білмесеңіз, айтайық. «Дәметкен сары майдан кеудең құрысын» деп келетін халық әнін құлағыңыз естіген шығар? Сол өлең жолында айтылғандай, дәметудің де көптеген түрі бар. Әсіресе, жас келіншектердің дәметуінің орны бір басқа. Жас балалар мен келіндер ата-енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе, оның меселін қайтару орынсыз саналған. Мұны үлкен кісілер жақсы біледі. Содан болар, аналар, әжелер, жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп, қашан да қалтасына дәм-тұзын сала жүреді. Кейде дүниеге сәби алып келген ананың омырауы ісіп кетпесін деп, үйдегі ата-енесі немесе бауырлары бір жерге қонаққа барған жағдайда, сол үйдің дастарханынан дәстүрге сай сарқыт ала баратын болған.
Қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерінің бірі «Атбайлар» салт-дәстүрі. Мұның да екі түрі бар.:
Біріншісі: Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Етжақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «Атбайлар».
«Атбайлардың» екінші түрі – «Кәде сыйы». Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.
Тағы бір дәстүр көнеден келе жатқан «Қазан шегелеу» салты. Өздері жақсы танитын, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып, «осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Үй иесі әзілмен жауап қайырып, «Жақсы болды ғой, қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік», - деп қонақжайлылық танытып, оларға қонақасы береді. Демек, «қазан шегелеу» қонақ бола келдік деген ұғымды білдіреді. Бұл дәстүр қазақ халқында «Қазан шегелеу» емес «Құдайы қонақ күту» атауымен қазіргі қоғамның сұранысына қарай өзгертілген.
Жастарға дұрысқанды дәстүрді үйрету, ұмыт болған салтты жаңғырту барша қазақ халқының міндеті.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Мырзатай ауылы «Естай баба» мешітінің молдасы
Есиркепов Ахмет Болысбекұлы