Лудомания дегеніміз – ойын құмарлық. «Лудо» сөзі латынша «ойнау» ұғымын білдірсе, «мания» сөзі ежелгі грек тілінде ессіздік, құмарлық мағынасын білдіреді. Қазіргі таңда әртүрлі ойындарға бәс тігіп, патологиялық дерт түріне айналған ойынқұмарлықты лудомания, игромания немесе гэмблинг деп атайды. Бұл – құмар ойындарға тәуелділіктің ауыр түрі. Осындай халге түскен адам бірнеше мәрте бәс тігетін ойындарға салынып, тәуелді күйге ұшырайды.
Асыл дініміз Ислам жеке тұлғаның жан-жақты дамуын және кәсібінің өрге басуын қалайды әрі зиянды нәрселерден сақтандырады. Шариғатта барлық құмар ойындарына қатаң тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап, құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен бал ашу – шайтанға тән лас істер. Ендеше, мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар» («Мәйда» сүресі, 90-аят), – дейді.
Тіпті жай ғана бір жолдасыңды құмар ойынға шақырудың өзі күнә саналып, одан тазару үшін садақа беру қажет болып саналады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім жолдасына «кел, құмар ойнайық», десе, садақа берсін», – деген (Бұхари, Мүслим).
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Олар сенен шарап пен құмар ойындарының үкімін сұрайды. Оларға: «Екеуінде де үлкен күнә бар», – деп айт»,-деген («Бақара» сүресі, 219-аят).
Құмар ойынға түскен адам шырмауыққа байланған тәрізді күйде болады. Қанша сол шырмауықтан шығайын десе де, ол шырмауық өзінің айласын асырып ол адамды жоқ қылуға дейін апарады. Бұл мысал лудоманияға кірген адамның халін сипаттап тұрғандай. Құмар ойынға кіру арқылы адам нестеп, не қойғанын білмей ақыр аяғы өз-өзіне қол жұмсауға дейін апарады. Сондай-ақ, осы құмар ойының кесірінен қаншама отбасының шаңырағы шайқалып әйелі жесір, баласы жетім болып жатқан отбасыларды көрген кезде көңіл-күйің құлазып, әттеген-ай деп бармағыңды тістеп қаласың.
Алла Тағала қасетті Құранның «Мәйда» сүресінің 91-аятында: «Шайтан арақ-шарап һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Алланы еске алудан һәм намаздан бөгеуді қалайды. Сонда да тыйылмайсыңдар ма?», - деп бізге шайтанның адам баласын азғыратынын және барлық игі амалдардан тиып қоятынын баян етті.
Адам баласы құмар ойынға тәуелді болмауы үшін ең бірінші өз нәпсісін жеңе білуі керек. Яғни, мұндай жаман істен саналы түрде бас тартуы қажет. Өкінішке орай құмар ойынға құмартқандардың басым көпшілігі жаман ісінен саналы түрде бас тарта алмай жүреді. Егер одан саналы түрде бас тартатын болса, құмар ойыннан біржола құтылар еді. Егер саналы түрде бас тарта алмаса, өзіне ең жақын адамдарының көмегіне жүгінгені жөн. Өкінішке қарай, құмарға тәуелді болған азаматтардың көбісі өзінің жаман әрекетін ашық айтуға ұялады немесе үлкендерден қатты ұрыс естимін немесе қатты таяқ жеймін деген оймен айтқысы келмейді.
Лудомания қоғам үшін, жастар үшін қауіпті індет. Бұл індетпен күреспейтін болсақ, асыл дініміз, дәстүр-салтымызға қауіп төніп, елдігімізге нұқсан келері сөзсіз. Сол себепті жастарға айтарымыз: «Құмар ойын сені бақыттыққа емес, бақытсыздыққа апарады», - деп айтар едім. Болашақ жастардың қолында. Ендеше өз болашағымызды жастығымызды өкініште өткізбейік.
Мамбетназаров Туребай Утгельбаевич
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Көкбастау ауылы «Қалмұрат баба» мешітінің молдасы