Ислам діні – ғылым діні. Мұсылман діні әрқашан ғылымды бастапқы орындарға қоятын, бұл дүниемен шектелмейтін, екі дүние есігін тең ұстайтын дін.
Білім мен ғылым ұғымдары – ислам дінінің өрісінде жатқаны сөзсіз. Ғылым сөзінің астарында барлық салалар қамтылады. Оларға: жаратылыстану, медицина, философия, физика мен химияны жатқызуға болады. Міне, сондықтан да асыл дініміздің аясы тек дінмен немесе құдаймен ғана тарылмаған.
Ислам ғылымды қолдайды, ешқандай қағидасына кереғарлық танытпайды, қайшылық жасамайды. Ислам – ғылымның нағыз бұлағы. Ол адамзатқа пайдалы һәм тура жолға бастайтын ғылымды уағыздайды.
Ислам діні мен физика ғылымына байланысты бұған дейін де көптеген кітаптарда мұсылман ғалымдарының еңбектері қарастырылған. Мысалы, тарихтан алар болсақ, Ибн Саһл 984 жылы жанып тұрған айналар мен линзалар туралы трактат жазған. Онда ол қисық айналар мен линзалардың қалай иіліп, жарықты фокустайтыны туралы түсінігін баяндаған. Ибн Саһл қазіргі кезде «Снелл заңы» деп аталатын сыну заңын алғаш ашқан деп есептеледі.
Кемпірқосақ құбылысын алғаш болып машайық Құтб ад-Дин әл-Ширази XIII ғасырдың соңына қарай жеткілікті дәлдікпен түсіндірген.
Баршаға белгілі Ибн әл-Хайсам (Еуропада “Альгазен” деген атпен мәшһүр) X–XI ғасырларда оптика саласын ғылыми түрде зерттеп, «оптиканың атасы» атанды.
Атақты Аббас ибн Фарнастың аэродинамикадағы жетістіктері мен парашютты қолдануы – тарихта қалған үлкен жаңалық. Ибн Фирнас 875 жылы дельтапланмен бақыланатын ұшу әрекетін жасаған алғашқы адам болды.
Ғұлама Фаһр ад-Дин әр-Разидің көпәлем (мультивселенная) туралы пікірлері, оның астрофизикадағы зерттеулері, сондай-ақ астрономиядағы бізге белгілі әл-Бирунидің еңбектері ерекше атап өтуге тұрарлық.
Қазіргілер термометрді Галилей ойлап тапты деп жүр, алайда Ибн Синаның термометр туралы қалам тартуы бұл мәліметті қайта қарауға түрткі болады.
Енді біз тек тарихты ғана қозғамай, осы замандағы қандай жаңалықтар барын да айта кетейік.
Зымыран уақыт
Әсілінде, ғылым мен білімнің қайнарлары Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінде жатыр. Бұны жарыққа шығару үшін Анастан (р.а.) жеткен мына хадиске үңілейік:
«Уақыт тез өтпейінше Қиямет күні болмайды. Бір жыл бір ай секілді, бір ай бір апта секілді, бір апта бір күн секілді, ал күн бір сағат секілді, ал бір сағат шала жанған оттың уақытындай болады», – дейді Алла елшісі (Ахмад, Тирмизи).
Жылдар жылжып, ғасыр өтіп барады...
«Өткен күннен нелер есте қалады», – деп Нұр-Мұқасан дуэті жырлағандай, жылдар жылжып, айлар озып, күн кірпік қаққанша ілгерілеп, уақыт зымырап тоқтаусыз сырғиды. Әдетте жұрт «зымыран-уақыттың жылдамдығы адамдардың пейіл-ниетіне байланысты» деп, қайда көз тастасаң да, асығып-сасқан, абдыраған адамдарға қарап ауыспалы мағынада айтқан болар. Аптыққан адамдардың абыржуын уақыттың тез өтуімен байланыстырған.
Алайда ғалымдар бұл сөздің тура мағынасында айтылғанын алға тартады. Ғылыми сарапшылар бұрынғы 24 сағаттық күнделікті айналым бірте-бірте азайып, күннің ұзақтығы қысқарып жатқанын айтады.
Австралиялық астрономдар ғаламның алғашқы дәуірлерінде уақыт қазіргіден бес есе баяу өткенін анықтады. Сидней университетінің зерттеушілері ғаламдағы квазарлардың, галактикалардың орталықтарындағы өте белсенді супермассивті қара құрдымдардың жарқырауын 20 жыл бақылап, квазарлардың жарығындағы бұрмалануларды тіркеді.
Осы зерттеу нәтижесінде үш миллиард жыл бұрын уақыт қазіргіден шамамен 1,2 есе, ал 12 миллиард жыл бұрын бес есе баяу өткен деген қорытынды жасалды.
Тағы бір теория бойынша, «уақыттың тез өтуі – Жердің электромагниттік импульсіне байланысты», – дейді профессор Шуман. Яғни Жер беті мен ионосфера арасында пайда болатын өте төмен жиіліктегі электромагниттік толқындардың өзгерісі уақытқа әсер етеді. Зерттеулерге сүйенсек, 1980 жылдан бастап Жердің электромагниттік жиілігі тездей бастады.
2023 жылы бүкіл ионосферадағы Шуманның орташа жиілігі 38 Гц-ке жеткен, яғни секундына 38 такт. Бұл – тәуліктегі 24 сағат қазіргі уақытта шамамен 16 сағатқа сәйкес келеді деген ғылыми болжам.
Сәлде мен ай
Қасиетті Құранда: «Алла түнді күндізге, күндізді де түнге айналдырады» («Зүмар» сүресі, 5-аят). Аяттағы «юаккиру» сөзі – бас сияқты домалақ бір заттың айналасында бір нәрсені (мысалы, сәлдені) орау мағынасын білдіреді. Бұл Жердің өз осінің айналасында айналып тұрып, күнге қараған жағының жарық, яғни күндіз болатынын білдіреді.
Көкте жүзуші күн
Құран-Кәрімнің «Ясин» сүресінің 38, 39 және 40-аяттарында:
«Ай мен күн белгіленген жағына қарай жылжып кете барады... әрқайсысы көкте жүзеді» делінеді. Бұл – ХХІ ғасырдағы заманауи планетааралық аппараттар мен телескоптар арқылы дәлелденіп жатқан шындық. Бұрын біз күннің қозғалмай, планеталар тек оны айналып жүреді деп ойладық. Алайда шын мәнінде күн – өзінің серіктестерімен бірге галактика бойымен қозғалады екен. Бұл толық бір айналымды 250 миллион жылда аяқтайды. Ал біздің «Құс жолы» галактикасы да өз кезегінде ғаламды айналып жүреді.
Сонда Құрандағы «...белгіленген жағына қарай жылжып кете барады... әрқайсысы көкте жүзеді» деген аят бүгінгі ғылыммен астасып тұр. «Әрқайсысы» дегенде тек күн мен ай емес, барлық экзопланеталар, жұлдыздар, астероидтар, кометалар, жерсеріктер мен галактикалар және бізге беймәлім денелер де кіреді.
Миғраж оқиғасы мен саңылау
Альберт Эйнштейн салыстырмалылық теориясында тартылыс күшін кеңістік пен уақыттың қисықтығы ретінде сипаттап, ғарыштағы туннельдер туралы айтты. Оларды «құрт тесіктері» деп атады. Бұл тесіктер арқылы ғарыштың бір нүктесінен екінші нүктесіне жарық жылдамдығынан да тез жетуге болады деген болжам бар.
Көптеген ориенталистер мен атеистер күмән келтіріп жүрген Миғраж оқиғасы осындай бір құбылыстың көмегімен жүзеге асты ма екен – кім білсін?
Шекті мен шексіздік
Ғаламның шегі бар ма? Бұл сұраққа физиктер мен астрономдар әртүрлі жауап береді. Кейбіреулері жоқ десе, мұсылман ретінде бұған келісе алмаймын, өйткені шексіз – тек Құдай ғана.
Басқалары шегі бар дейді. Олар тізбекті былайша тізеді:
Жер – Күн жүйесі – Жұлдызаралық кеңістік – Құс жолы – Галактикалар – Суперкластерлер – Мультивселенная – Метагалактика – және оның ар жағындағы беймәлім нысандар.
Егер шегі бар болса, оның ар жағында не бар? Мүмкін, тозақ не жәннат, о дүние әлемі шығар. Ғылым ол сұраққа әлі жауап бере алмайды.
Қиямет-қайым немесе Армагеддон
Ғалам жаратылғаннан бері бір орында тұрған жоқ. Ол үнемі кеңею үстінде. Бұл кеңею – гравитациялық байланыспаған кеңістік бөліктерінің бір-бірінен алыстауы. Бұл – ішкі себептерге байланысты болатын метрикалық кеңею.
Бір күні бұл кеңею тежеліп, қайтадан қысылып, барлық материя қара құрдымға айналуы мүмкін. Бұл «Үлкен Шапалақ» немесе Big Crunch сценарийі деп аталады. Клаузиус гипотезасы бойынша бұл – ғаламның ажалы.
Былайша айтқанда, бәрі бір мезетте жоқ болады. Әрине, бұл – теория. Бірақ осы ғаламның «өлімі» – біздің түсінігіміздегі қиямет күніне ғылыми бір көзқарас емес пе?
Данияр АСЫЛБЕКОВ