Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлының төрағалығымен имамдар жиналысы өтті. Жиын барысында ҚМДБ тарапынан қабылданған бірқатар маңызды құжаттар талқыланып, өңір имамдарына кеңінен таныстырылды.
Алқалы басқосуда облыстық мешіттің наиб имамдары – Ғалымбек Жапек "Отбасы тұғырнамасы" құжаты жайлы, ал Нұрлан Мұрат "Құдайы ас беру" құжатының мазмұны мен мақсатын кеңінен түсіндіріп, әр құжаттың діни қызмет барысындағы маңыздылығына тоқталды.
Өз сөзінде Бас имам Асқар Зәкіржанұлы аталған құжаттардың қоғамдағы отбасы институтын нығайту, ысырапшылдықтың алдын алу және діни рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету жолындағы рөлін ерекше атап өтіп, имамдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұл басқосу – дін қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, діни жұмыстардың сапалы әрі жүйелі жүргізілуіне бағытталған игі бастамалардың бір парасы.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі