Жамбыл облысы Байзақ ауданы Көкбастау ауылы «Қалмұрат баба» мешітінің ұстазы Жораева Сохиба Абдужалилқызы Жақаш ауылдық мәдениет үйінде көп балалы аналармен кездесіп, «Отбасындағы бала тәрбиесі» тақырыбында насихат айтты.
Сохиба Абдужалилқызы насихатында: «Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысына тікелей байланысты. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен, оларды тәрбиелеуші әрине ата-ана.
«Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашығы да жарқын болмақ» - демекші, «Баланы жастан» деп халқымыз бала тәрбиесін әріден бастау керектігін айтып кеткен. Адамгершілік үстемдік құрған қоғамның азаматын тәрбиелейтін мектеп ол – әрине Отбасы. «Отан – отбасынан басталады» деп те айтамыз. Отбасы ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп десек те болғандай», - деді.