Гродиково ауылы «Арынғазы» мешітінің ұстазы Уншарбаев Малик мешітке келген жамағатқа «Ислам және отбасы құндылықтары» тақырыбында уағыз- насихат айтты. Ислам дінінде отбасыға ерекше назар аударылған. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты.
Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят) деп, ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік пен өзара түсіністіктің маңыздылығын айтты. Сонымен қатар, пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың. Мен де отбасыма жақсы қарағандардың ең ізгісімін» деп, отбасы мүшелеріне қамқорлық жасау мұсылманның басты қасиеттерінің бірі екенін ескертті. Ислам діні отбасыны жай ғана жақын адамдардың одағы деп емес, рухани және адамгершілік құндылықтардың діңгегі деп қарайды. Отбасы – тек балаларды тәрбиелеудің ғана емес, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың негізі.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі