Кез келген ұлттың орны мен ортасына тиесілі мәдениеті, әдебі және сақталуы тиіс ережелері мен заңдары бар. Сол сияқты, мешіт әдебінде де адам баласына қояр талабы болады. Мешіт – құлшылық жасауға арналған орын. Ол жерге кез келген адам олпы-солпы келіп, кіріп кете алмайды. Сондықтан мешіт әдептерінен де хабардар болғанымыз абзал. Бүгінде мешітке келушілердің киім үлгілері мешіт әдебіне қайшы келіп жатады. Әсіресе, қыз балалары мешіт әдебіне сай білегі мен тобығына дейін жауып тұратын киім киіп, орамал тағуы керек.
Шариғат бойынша ер адамның киім үлгісі – тізе мен кіндіктің арасы. Яғни әуретті жері жабық болуы тиіс. Алайда қазір ер адамдар мешітке үстінде қысқа женді жейде мен шолақ шалбар киіп келеді. Ал, қысқа немесе ашық киінгендерге, басында орамалы жоқ әйелдерге мешіт ішінде халат пен жаулық беріледі. Жалпы, мешіт орнына таза, мұнтаздай болып барумен қатар оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу, мешіт ішінде дауыс көтеріп сөйлемеу, сондай-ақ әйел адамдар иіссу себініп, бөтен ер адамдардың арасына барса, бұл зинамен тең деп есептеледі.
Бұл – әдетте көп талқыға түсіп жүрген тақырыптардың бірі. Осыған байланысты Бесағаш ауылы «Бесағаш» мешітінің азаншысы Азамат Сабыр мешітке келген жамағатқа "Мешіт әдептері" тақырыбында уағыз- насихат айтты.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі