Ислам дініне жат ағымдар деген кімдер, олардан қалай қорғануға болады?

Ислам дініне жат ағымдар деген кімдер, олардан қалай қорғануға болады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дініне жат ағымдар деген кімдер, олардан қалай қорғануға болады?

Қазіргі ата-ана баласы «Алла» атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқып, қобалжитын жағдайға жеткен. Мұндай жайт ата-бабамыздың үш ұйықтасада түсіне кірмеген болар. Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі ғаламдану заманындағы еліміздегі ахуал осыған саяды. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар. Дәрігер мамандар ұлтымызға жат ағымдар пайдаланатын амал-тәсілдердің психикаға теріс әсері барын, тіпті кейбір жағдайда олар адамды жындыханадан бір-ақ шығаратынын немесе өз-өзіне қол жұмсауға дейін апаратындығын растап отыр. Осыдан кейін әке-шеше сыртта жүрген баласына қалай алаң болмасын? Сондықтан біз бүгінгі талқы тақырыбында исламдағы жат ағымдар, одан қалай қорғану қажеттігі  турасын сөз етуді жөн көріп отырмыз. Әрине, мамандардың кеңесі мен пікірі және зерттеуі тұрғысында...


Ғаламдану заманындағы басты қатер – ашық-шашықтығымыз. Осы ұрымтал тұсты пайдаланушы мысық тілеу миссионерлер ұлтымызға жақын ислам діні атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салып бағуда. Сыртқы жатықпалға бой ұрғандар туралы бізде ресми цифр жоқ. Бірақ бірер жыл бұрын осы мәселені Мәжіліс қабырғасында көтерген депутат Асхат Бекенов «Еліміздегі жастардың 60 пайызы (!) түрлі діни ағымдардың жетегінде жүр» деп дабыл қаққан еді. 60 пайыз – айтарлықтай қомақты көлем, бұл жастарымыздың тең жартысынан көбісі деген сөз. Ал санасы бөтен пиғылдылардың ықпалымен әбден уланған жастан не күтуге болады?..

Тіпті, артық жүрісі жоқ баланың компьютер алдында отырып-ақ дұрыс жолдан тайып кетуге қаупі барын көп отбасы бағамдай бермейді. Оған сан мың фактор бар. Сөз етіп отырғанымыз бөтен діни ағымдар жайы болғандықтан, сол төңірегінен дәйек келтіре отыралық. Мысалы, еліміздегі Дін істері жөніндегі агенттік былтыр 1174 интернет-ресурсқа талдау жүргізіп, оның ішінде 58 сайттың діни экстремизмді насихаттайтынын анықтаған. Сотқа шағымданған олар мұндай лаңкестік сипаттағы діни сайттарды жабуға ықпал еткен.Сондықтан ашық-шашық тұстан ағылған ақпараттардың қауіптісі де барын қазақ ағайын біліп жүрсе дейміз. Кейбіреулер секілді баласы автомат ұстап Сириядан бір-ақ шыққанда ғана санын соғып, мұның қалай болғанын білмей аңырап отырмаса дейміз. Одан өздері қорғанбаса, бұл арада өзгеге көп үміт артудың қажеті жоқ. Өйткені еліміздің дін туралы заңнамасы солқылдақ. Бұл аталған бағытта құқық құрылымы еш қимыл жасамай жатыр деген сөз емес. Құпия болғандықтан, бізде ауыздықталған лаңкестік топтар жайында ресми айтыла бермейді. Қаржылық қадағалау тұрғысында да заңдар қатайып, бізде лаңкестікті қаржыландыруды анықтауға үлкен басымдық берілген. Елдің діни сауатын арттыру, солайша  азаматтарымызды жат пиғылдылардан қорғау мақсатында бертінде арнайы Дін істері агенттігі құрылды. Оның еліміздің барлық аймағында бөлімшелері бар.Осы агенттіктің бастамасыменбылтыр «Үлес 2020» Қоғамдық қорымен азаматтардан және ұйымдардан діни салаға қатысты барлық сұрақтар бойынша ақпарат қабылдау, сондай-ақ деструктивті діни қызметтен зардап шеккендерге кеңес беру және психологиялық көмек көрсету үшін «Қауырт желі 114» ақпараттық-кеңесшілік орталығы ашылды. Бейресми деректер бойынша, бір жыл барысында мұнда 2 мыңға жуық адам шағымданыпты. Аталған орталықта психотерапевт, дінтанушы сынды білікті мамандар барын нақтылай кетелік.  Қалай дегенмен де бала дінге бет бұра бастаса, осы сала мамандары ата-ананың оны ертіп, жақын маңдағы мешіт имамы немесе орынбасары қабылдауына баруына кеңес береді. Сөз барысында діни өкілі баланың теріс жамағат уағызын тыңдап жүргенін немесе оған қатысы жоқтығын демде анықтап береді.

Ұйым жетекшілері тобындағы адамдардың санын арттыру үшін әртүрлі айла-тәсілдер қолданады. Мысалы, сананы бақылау техникасы былай өрбиді:

1. Топтық зорлық және «махаббатпен бомбалау» техникасы. Күмән тудырмас үшін балалар ойынына ұқсас ойынның түрін қолданады. Адамды өзіне жақын тарту үшін ән айтып, құшақтап, асыра мақтайды. Мәселен, муниттер. Әдіс-тәсілдің мақсаты – болашақ ілімге сеніп жақтаушының өзін сол ұйымға қажетті екенін барынша сендіру. Ұйым мүшелері тек соны ғана күтіп және соның қастарында әрдайым жүргенін қалайтынын, оның қажетті екенін сездіреді. Теріс ағымға жаңадан келген адам бір минутқа да көзден таса қалмайды. Ол шараны өз ішінтерінде «сандвич» деп атайды. Жаңа келген адамның жанына білікті екеу қойылады, олар оны түрлі уағызымен әбден көндіреді.

2. Оқшаулау. Бұл кезде адам шынайы ақпаратты тексеру мүмкіндігінен айрылады.
3. Ойлау қабілетін тоқтататын әдіс-тәсілдер ретінде адамды медитацияға итермелейді. Бұл әрекетті шамадан тыс жасаған адам толықтай сенімге енеді.
4. Бойына қорқыныш ұялатып, күнәсіне кінәлі екенін мойындатады. Мойындау әдісімен жасалатын бұл психологиялық амал нәтижесінде адамның күнәларына сай жазасы мен сыйы беріліп отырады. Дүре соғылады, жақсылығына жақсылық жасалады.
5. Ұйқыдан бас тарту. Рухани кемелденуге жеткізетін әртүрлі жаттығулар, жобалар мен жоспарларды сылтау етіп, адамды ұйқысынан айырады.
6. Дұрыс тамақтанбау. Астыртын адамның рухани әрі физикалық кемелденуді көздеген ойдан шығарылған диеталармен адамды ашықтырады.
7. Сенсорлық басыну. Тез арада жаңадан келген адамды өз ырықтарына бағындырады.

Сананы бақылау төрт негізгі бағытта жүзеге асады:

1. Жүріс-тұрысты бақылау.
2. Ақпаратты бақылау.
3. Ойлау жүйесін бақылау.
4. Көңіл-күйді бақылау.
Жоғарыда аты аталған санаға жасалған барлық шабуыл мен іс-қимыл адам денсаулығын нашарлатпай қоймайды.Сайып келгенде, діни секталардың ұстанымдары, салттары мен ғибадаттары адам психикасынан бастап, тән денсаулығына дейін орасан зор зиянын тигізеді.


ҰСЫНЫСТАР

Діни секталардан зардап шеккендерге арнайы емдеу орталығы қажет.

Міне, мұндай үздіксіз психикалық шабуылға ұшыраған, физикалық тұрғыда әбден әлсіреген адам ойсырамай қоймайды. Сондықтан оларды емдеу де күрделі. Санасы уланғандарды жындымен қатар ұстай алмайсыз, ал аурухана стационарында науқасты көп ұстауға болмайды. Сонда қайтпек керек? Өз зерттеуі қорытындысында Мәриям Бапанова арнайы емдеу орталығын ашуды ұсынады. Себебі мұндай науқастарды оңалтуға көп уақыт кетеді екен, яғни санасында сілкініс болған күні ол өз-өзіне келеді. Ал сананың селт ету уақыты бірнеше айдан көптеген жылға созыла беруі ықтимал. Сондықтан оны дөп басып айту мүмкін емес. Ғылыми тұрғыда анығы – діни секталар быт-шытын шығарған адам жадысын жөнге келтіруге болады.


Заңда дін түсінігін нақтылау қажет

Таяуда Мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұлов пен Бақытжан Ертаев ҚР Премьер-министрі мен ҚР Бас прокуроры атына депутаттық сауал жолдады. Өңірлерде болып қайтқан депутаттарды қазақы дәстүрді, ұлттық наным-сенімді түбірімен жойып, ұйыған отбасының шырқын бұзатын уахабизм секілді ортамызда миссионерлердің тайраңдап жүруі, ойына келгенін жасауы қатты алаңдатқан. Бұған жол беріп отырған солқылдақ заңымызды дұрыстау қажеттігін айтатын халық қалаулылары өз сауалында : «Мемлекет және дін арасындағы қатынас нақты емес. Яғни, мемлекет тарапынан дін конституциялық шеңберде құбылыс ретінде қабылданбаған. Конституцияда әр адамның дін таңдауынан өзге нақты категория қалыптаспаған. Егер нақты түсінік қалыптасса, ЖОО мен мектептерде қазақ мәдениетінің ислам өркениетіндегі орны, дәстүрлі ислам діні туралы оқытылуы тиіс еді. Оған да кадр, база, материал, ғылымизерттеу институты қалыптасушыеді» делінген.

Бір сөзбен айтқанда, мәжілісмендер халқымыздың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудың негізгі тетігі  діни ағартушылыққа кеңінен жол беретін заң нормаларын қабылдауды ұсынады. Сол үшін дін түсінігіне нақтылық қажеттігін айтады. Қараңғылықты жарық жеңгені секілді діни секталар жолына адасып түсіп кетпеудің бірден-бір амалы – діни сауат. Сондықтан бұл пәнді мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында тұрақты етіп енгізу өзектілік танытып тұрған жайы бар.

Нұрсұлтан Атанбаев 

Жамбыл облысы, Қордай ауданы,

Өтеген ауылының ұстазы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: