Дәстүр – бұл Қазақ ұлтымыздың ертеден сақталып келген әдет-ғұрпы. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші бұл әдет ғұрыптарымыздың басым көпшілігі шариғат шеңберінде үйлесіп келген. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ, діннен негізін табамыз. Қарапайым халық олардың діндегі сүннет, мұстахаб, уәжіп екенін білмеуі мүмкін. Бірақ, ол діндегі неггізгі құндылықтардың бірі болып табылады.
Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірін қуаттап, қоғамда ынтымақ пен бірліктің, бабаларымыздан қалған асыл құндылықтардың жоғалып кетпеуіне үндеп, кейінгі ұрпақтың болашағының жарқын болуына, өткенді ұмытпай, саралап ұлттық ар-ожданының жоғалмауына шақырады. Дін мен дәстүр үлкенге құрмет, оларға дауыс көтеріп сөйлеу былай тұрсын, жолда өтіп бара жатса алдын кесіп өтпеуге үндейді. Хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге келеді» делінсе, дана халқымыз: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дейді. Жасы үлкен адамдарды төрге шығарамыз, сыйлаймыз, алдарына бас тартамыз. Үлкенді құрметтеу бізде бұрыннан бар еді, ислам діні насихаттала бастағаннан кейін дәстүрлі құндылық болып қалыптасты. Ислам дініндегі көптеген құндылықтар біздің салт-дәстүрімізде де болғандықтан, ол тез сіңіп, халық тез қабылдап алды.
Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымы бар. Мұндай алуан түрлі болу – Алла Тағаланың хикметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тану үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 199-аятында Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған. Демек, Алла Тағала бір-бірлерін танулары үшін адамзатты түрлі ұлтқа бөлген. Бір-бірін тану арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін тану арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі миллиондаған адамның түбі бір – барлығы Адам атадан тарайды. Мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт пен ұлыстан құралған. Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері, мәдениеті бар.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің Солиб деген сахабасына: «Әй, Солиб! Жақсы істеріңді Ислам дәуірінде де жалғастыр, жұртқа жақсылық жаса, туған-туысқандарыңмен қарым-қатынасыңды орнат, көршілеріңмен жақсы тұр, қонағыңды сыйла»-деген.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауатымен сәлемі болсын) бір хадисіндегі: «Үлкендеріңіз үшін орындарыңыздан тұрыңыздар!», «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес» (Тирмизи) - деген сөзі халқымыздың үлкенді сыйлау туралы ұлағатты тағылымымен үндесіп жатыр.
Даламыздан шыққан ұлы ғұламалар да ұлтымыздың салт-санасын оның тәрбиелік маңызын ұлықтап, насихаттап өткен.
Ұлы Шәкәрім Құдайбердіүлы:
«Шыннан өзге Құдай жоқ,
Анық Құдай - шын Құдай.
Ұқпай қалма алаң боп,
Шын болмаса, кім Құдай?!» дейді «Шын» атты өлеңінде.
Дініміз Ислам әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ғұламалар әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Біле-білсек, сан ғасырдан бері бабаларымыз ұстанған Исламның жолы «Әбу-Ханифа» мектебі – осы салт-дәстүрімізді ардақтауға, тамырлы тарихымызды ұмытпауға, ел тыныштығының сақталуының кепілі деп білген.
Сағымбаев Бақытбек Бауыржанұлы
Жамбыл облысы Байзақ аудандық
«Байзақ баба» мешітінің наиб имамы