"ҚЫЗ ЖІБЕК" жыры қолжазбадан аударма \ 8 бөлім

"ҚЫЗ ЖІБЕК" жыры қолжазбадан аударма \ 8 бөлім

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Білгенімді мен айтсам

Сөзімнің болмас бұруы

Қайнатам аты Базарбай

Жағалбайлы ұруы

Төлеген оның баласы

Ілгері еді патшадан

Ақылының данасы

Болмады аз күн жүруі

Жоқ пекен деп ойламаймын

Сансызбай ердің санасы

Қой ішінде марқары

Омырау ділдә ал қары

Қайын енем атын айтайын

Алпыс жасар Қамқары

Қуанттар мекен Құдайым

Бізздей ғаріп пендесін

Тірі болса Сансызбай

Жетер мезгіл боп еді

Кешегі өткен Төлеген

Ақылға диқан ер еді

Елімнің ақын көсемі

Батыр Шеге дер еді

Қайсы бірін айтайын

Кешегі өткен Төлеген

Айтқан сөзі көп еді

Сонда Шеге сөйледі

Мойыныңды созып Жібекжан

Бері таман кел дейді

Мен бір жауап айтайын

Бұл сөзімнен біл дейді

Сансызбайға басшы боп

Іздеп келген өзіңді

Ақын Шеге мен дейді

Әккі болған Қызжібек

Бұл алдап жүрген біреу деп

Бұл сөзіне сенбейді

Шеге тағы сөйлейді

Шын сөзіме сенбесең

Жарқыным саған не дейін

Бекер деп білсең шын сөзді

Қасыңа енді келмейін

Мұсылманды қас көріп

Жау Қалмақты дос көрсең

Ырасыңды айтшы Жібекжан

Ізімше қайтып жүрейін

Ақылымнан танған кез

Әңгіме сөзге не дейін

Шын айтсаң бұл сөзді

Сансызбай қайда көрсетші

Айналайын көкежан

Сөзіңе сонда сенейін

Ат байлаған ақырда

Көк түскен жер тақырда

Көп дұшпанның ішінде

Атын айтам білер кәдік деп

Атқошшым кел деп шақыр де

Сансызбайдың тұрғаны

Бір шақырым жер еді

Ер Шегенің дауысын

Анық естіп келеді

Асығып тұрған ер сабаз

Алла деп атқа мінеді

Екі тұлпар жетелеп

Ер Шегенің қасына

Іркілмей жетіп келеді

Жол бір уақыт болғанда

Ел де тарай береді

Сансызбайдың келгенін

Шеге анық біледі

169 бет

Жұр тарап әбден кеткен соң

Жалғыз қайның келді деп

Жібекке қабар береді

Ебін тауып білдірген

Ақын Шеге ер еді

Жарық алып Қызжібек

Сансызбайды көреді

Бұрымына таң қалып

Енді сөйлей береді

Алтыннан соққан қияғым

Күмістен соққан тұяғым

Құдай қайдан ұқсатқан

Көккесінің сияғын

Жасаған Алла жар болып

Жандыма өшкен шырағым

Ашылсаңшы қабағым

Жарылсаңшы жүрегім

Жаратқан Ием жар болып

Болды ма шын тілегім

Сансызбайды көрген соң

Жібектің көңілі тояды

Басындағы қайғысын

Ұмытып іштен жояды

Жан жағында дұшман көп

Көрісуге жер қиын

Амандасып қояды

Сол жерде бұлар тұрып амандасты

Көңілі ғариблардың судай тасты

Шегені, Сансызбайын құрмет қылып

Алдырып бір табақпен құяды асты

Ас ішіп аттарыңа мінгіл деді

Кідірмей кейін қайта жүргіл деді

Алғалы келіп жатқан жау Қалмақтың

Екі тұлпар аты бар білгіл деді

Қарағаш кезеңше деп жол асады

Жолда сол мені тосып тұрғыл деді

Құдай оңдап тұлпардың мінсем бірін

Ертең түсте сол жерде көргіл деді

Біздің ел ертең тура көшер деймін

Түннен ақ уық бауын шешер деймін

Құдай оңдап тілекті берсе бізге

Шырағы жау Қалмақтың өшер деймін

Екеуін жөнелтеді уада қылып

Көшеді қанның елі түннен тұрып

Бүгін кешке мінейін бір тұлпарын

Жүрейін қыздар менен ойнап күліп

Жұмсады бір жеңгесін барып кел деп

Қореңге бізден хабар салып кел деп

Көңілімді көтерейін тұлпар мініп

Жеңгесін жібереді алып кел деп

Жеңгесі келіп Қореңге бикеш аттың бірін берсе деп жіберді деді. Жібек маған тимеймін депті, атымды бермеймін. Жүре бер дейді.

170 бет

Жеңгесі сонда сөйлейді

Ау күйеужан, күйеужан

Бикештің сырын білалсаң

Біле тұрып дұшманның

Тіліне неге ересің

Бір күн күшке мінеді

Андал көкті бересің

Бүгін күннің батысы

Ақ отауға кіресің

Ойын сауық күлкімен

Нұр сипатты бикештің

Тамашасын көресің

Сонда Қорен сөйледі

Мінгенде аттың құлама

Алтын жүзік бұрама

Біреу жарлы, біреу бай

Оныда Құдай қыла ма

Тимесе Жібек тимесін

Сандал көкті сұрама

Ерлер мінген тұлпарға

Әйел мініп бола ма

Жеңгесі атты ала алмай Жібекке қайтып келеді. Жібек қасына он қызды ертіп барғанда, жезделеріңмен қалжыңдап ойнаңдар деп үйретіп қойды. Қыздар айнала отыра қалып, жездемен ойнай бастады. Қорен бұл қылыққа әбден риза болып, есі шықты. Атыңды неге бермейсің деді. Қорадан 2 айдан бері маған бір көрінбегенге өкпелеп ем  деді. Сандалкөкті ерттеп берді. Жібек тұлпарға мініп, көңілі көтеріліп айтқаны

Атаңа налет  қан Қорен

Қандығың сенің қайда иям

Алдаумен бердің атыңды

Сандал сынды тұлпарың

Ия сенікі, ия менікі

Тұзымды Тәңір көтерсе

Мұнда жоқ сенің тең бағың

Атаңа налдет қан Қорен

Ұйып тұрғыл сөзімді

Ұлық қылып сен тұрсың

Осы күнде өзіңді

Ертең бағым Тәңір ашса

Қарға, құзғын, шыбынға

Шоқтырамын көзіңді

Әуелінде амалсыз

Өкіміңе көнгенім

Тілекті Құдай бергені

Сандалкөкті мінгенім

Ниет қылмақ көзің ағарды

Ақымақтықпен білмейсің

Ажалыңның келгенін

Тауба қылдым Құдай ау

Асылық сөзім кешіргіл

Жүзіне налет Қалмақтың

Шырақ отын өшіргіл

Тауба қылдым жан Алла

Не қылсаң да өзің біл

Қызжібек осыны айтып олай да-былай да жүйіткіп,  аттың етін қыздырмақ болды. Сонда Ақұдай көріп бір сөз деді

171 бет

Ия пірім-ай , Ия пірім

Байқадың ба боз бала

Қызжібектің қайылын

Көксандалды жүгіртем

Қызжібек менің қатыным

Басы қатты Сандалкөк

Тастап кетіп жүрмесін

Айналайын Жібек-ау

Ақырын шапшы, ақырын

Қызжібек Қоренге бұрылып тұрып, хан басыңмен біздің жанымызда жүрме деп, алдап жіберіп, жеңгесіне келіп мына сөзді айтты тағы

Асуда асу бел дейді

Аса бір соққан жел дейді

Айналайын жеңеше-ау

Бері таман кел дейді

Мен бір жауап айтайын

Бұл сөзімді біл дейді

Басыңдағы сәукеле

Алып маған бер дейді

Ақыр ертең кіремін

Бүгін көшке киейін

Ажарасар мекен жеңеше-ауа

Өз көзіңмен көр дейді

Қызжібектің бұл сөзін

Жеңгесі мақұл көреді

Басыңдағы сәукеле

Жібекке алып береді

Қолына Жібек алады

Айтуға бармай ауызы

Сонда бір Жібек жылады

Айналайын жеңеше-ау

Мінезің еді өзгеше-ау

Сапар шектім алысқа

Барасың қайда демеші-ау

Жаратқан баршамызды Алла Тағалам

Қолында молдалардың дәуіт қалам

Барамын сапар шегіп алыс жолға

Айтыңыз ата-анама дұғай сәлем

Көрерміз қайта айналып Алла жазса

Мен үшін қайғырмасын ғазиз анам

Басыма Тәңір салды мұндай істі

Жеңеше-ау өзің дағы болма алаң

Мұндай істі қылмас ем

Қорен Қалмақ алғалы

Қамап жатыр  қалың қол

Тұзымды Құдай көтерсе

Көп кешікпей кетейін

Жеңеше өзің аман бол

Жеңешесі сонда сөйледі

Айналайын Бикеш жан

Мінгенде атың пырағың

172 бет

 

Қалай, қалай қылсаңда

Ашылсын сенің мұратың

Кәпірдің көңілін басқыл деп

Мұсылманға қосқыл деп

Алладан мен де сұрадым

Маған жайыңды айта кет

Барасың қайда шырағым

Жібек сонда сөйлейді

Тұлпар мініп астыма

Асындым алмас беліме

Сансызбай іздеп келіпті

Қосылайын деп мен тұрмын

Басында қосқан теңіме

Барайын деп мен тұрмын

Жағалбайлы еліме

Жеңеше қайтып көнейін

Қу кәпірдің кеміне

Қалмақтың көзі ағарсын

Нан пісіп ед деміне

Алдап міндім тұлпарды

Осы ақылды қылмаққа

Тұрмын енді жеңешау

Басымды жолға салмаққа

Қайтіп қатын болайын

Құдайымның дұшпаны

Нәсілі кәпір Қалмаққа

Дінсіз жауды кез қылып

Басыма салды ғаламат

Басында Жібек атанып

Кәпірге қатын болғаным

Естіген жұртқа маламат

Ақ сүтін кешсін анамыз

Ырзалық берсін атамыз

Өзің жәйлап айтарсың

Айналайын жеңеше ау

Осы сізге аманат

Көп тұруға болмайды

Ел жұртқа тегіс сәлем де

Өзің де бол саламат

Мұнан кейін ҚызЖібек

Басқа сөзді демеді

Уада қылған қарағаш

Бет қойып соған жөнеді

Сонан кейін жеңгесі

Сансызбайға сәлем деп

Қош аман бол бикеш деп

Кейін қайта берді

Жөнеді Жібек жөнеді

Шеге менен Сансызбай

Ағашқа шығып екеуі

Қаруылдап тұр еді

Келе жатқан Жібекті

Сансызбай бұрын көреді

Табан жолмен тарысып

Ұшқан құспен жарысып

Ауыздықпен алысып

 Екі қолы қарысып

Астындағы Көксандал

Маядай мойын созады

Ұшқан құстан озады

Тарта тарта Жібектің

Алақаны тозады

Әне-міне дегенше

Ашып көзді жұмғанша

Сансызбай мен Шегенің

Жанына келіп тұрады

Жомарттықпен бас қосқан

Бір Алланың досы деп

 Бұрынғы жол осы деп

173 бет

 

 

Аттан түсіп Қызжібек

Шегеге сәлем қылады

Ашылсын бағың балам деп

Тәңір болсын панаң деп

Шеге ақын бата береді

Жетелеп атын жаяулап

Маймаңдап қаздай баялап

Сансызбай сынды баланың

Қасына Жібек барады

Шүкір қылып үшеуі

Енді атына мінеді

Екеу енді үшеу боп

Алла деп елге жөнеді

Ылғи тұлпар мінгені

Соққан желдей келеді

Шапса Жібек озады

Сансызбайға жүр деді

Жете алмаса өз атың

Сандалкөкті мін деді

Ар көріп бала бойына

Жібектің атын мінеді

Мінетін жерге тұрайын

Жеткізсе біздей ғаріпті

Мінеміз сонда шын  деді

 Әлқисса кеш болғанда Қалмақ атымды акеп бер деп кісі салды. Бұлар атты да Жібекті де көрген жоқпыз деп жауап берді. Оған Қалмақ ашуланып әскерін жиып Сырлыбайдың алдына келіп қамап тұра қалып айтқаны

Кеш болған соң хан Қорен

Қайда деп атын сұрады

Бұлар былай деген соң

Атымды шапшаң тапқың деп

Тауып берсең атымды

Тыныш үйде жатың деп

Атым менен Жібекті

Қазір тауып бермесең

Қайратыма бақын деп

Қаһарланып қу қалмақ

Айғай салып ақырып

Қораға келіп тұрады

Зарынан қорқып қалмақтың

Қатын менен баласы

Ел-жұрты шулап жылады

Осы жүрген Қаршыға

Жауапқа шешен ер еді

Ерлігінің белгісі

Қаһарланған Қалмаққа

Іркілмей жетіп келеді

Жан батпаған кәпірге

Сөзбен жауап береді

Мен айтайын бір жауап

Сөзімді тақсыр тыңдаңыз

Әйтеуір әлім келер деп

Қисынсыз қада қылмаңыз

Жасырған болсақ Жібекті

Сонан-соң Тақсыр шындаңыз

Ашуыңды басыңыз

Ақылыңа тосыңыз

Зәресін алмай ел-жұрттың

Қосыңа барып тосыңыз

Алып-қашып кеткенде

Тұлпардың ізі жоғалмас

Даладан ізді кесіңіз

 

174-бет

 

Жасыра тұғын Жібекті

Бармеді елде қасыңыз

Мың кісіге бара-бар

Бір өзіңнің  басыңыз

Әйелге атты бергенің

Өзіңнің иттік насыңыз

Жібектің аты ұрғашы

Тұлпардың сырын білмесің

Біле тұра атыңды

Әйелге неге бересің

Өзің беріп атыңды

Елден неге көресің

Қатты айтуға батпаймыз

Ел билеген төресің

Өз мініңді ойламай

Тентектік қылып күйеужан

Алмағың елдің зәресін

Басында осылай айтпайсыңдар ма? Шапқан уақытта Сандалкөктің ізі ошақтай болып, қазылып жататын атының ізін өзім танимын деп, ізін кесіп жүріп, тауып алады. Әскерді екі бөліп, жарымын алып, қуа жөнеледі. 6 күн қуып жете алмай, сендер кейін келе бер деп, өзім жауды түсіре берейін деп жалғыз жөнелді.

 

Жөнеді Қалмақ жөнеді

Лашкер тартып келеді

Көк қабандай арсылдап

Тебінгісі тарсылдап

Құйысқаны сарсылдап

Қазмойын қара тұлпарды

Сауырынан қамшылап

Сауынан аққан тер

Тебінгіден малшылап

Дауыс десе Қалмақ дауысы

Тізілген құстай шаңқылдап

Кәпір Қалмақ жөнеді

Қаһарланып келеді

Дәл он бір күн болғанда

Сансызбайдың қарасын

Қорен  қалмақ көреді

Келетін қалмақ қарасын

Күндік жерден Қоренді

Жібек болжап біледі

Кәпір Қалмақ жетті деп

Бас аман дәуір ел өтті

Сансызбай мен Шегеге

Жібек хабар береді

Сансызбайдай батырың

Толғана мойын бұрады

Алладан пәрмен сұрады

Жібекпенен Шегені алға қарай жөнелтіп

Қаша тұғын қатынба

Жолын тосып тұрады

Жол бетінде жас бала

Жалғыз өзі қалған соң

Мұңлы болған Қыз жібек

Бір төбеге барады

Құбылаға қарады

Көксандалдың шылбырын

Мойнына орай салады

Жау бетінде жас бала

Жалғыз өзі қалған соң

Қыз жібек қылды наланы

175 бет

 

Құдіреті күшті Құдай ау

Басымнан кетті сәулетім

Жүзімнен кетті әуретім

Сақтағаның көп екен

Маған деген тәубетің

Бір сайқалдың соңында

Құртамысың Құдай ау

Бір бейшара жанның әулетін

Әуелінде Құдай-ау

Ырақымыңмен құтылдым

Ақырында жасаған

Не пиғылмен тұтылдың

Қайта түссем қалмаққа

Не болар менің сый-құным

Бір сайқалдың жолында

Құртамысың Құдай ау

Бір бейшара жанның тұқымын

Бұлайша деп Қыз Жібек

Ызаланып қатты жылады

Көздің жасын бұлады

Мұңды болған Жібектің

Тәубәсін қабыл қылады

Тәубәсі қабыл емес пе

Аз кідірсең қызығы

Арт жағында болады

Сол уақыттар болғанда

Әне-міне дегенше

Айтып ауыз жиғанша

Сансызбайдың қасына

Қоренде жетіп келеді

Келіп сөйлей береді

Қарсы алдыңнан қарасам

Жасың кіші баласың

Оттай қаулап жанасың

Менің атым хан Қорен

Не деп үміт қыласың

Мен жайымды сөйлесем

Ақылыңнан танасың

Меніменен соғыссаң

Құдайыңа барасың

Жібекті алға жіберіп

Мойныңды маған бұрасың

Соғысар болсаң жөніңді айт

Жібек менің қатыным

Қай жаққа алып барасың

Сансызбай сонда сөйлейді

Қорен қалмақ сен болсаң

Сансызбай ер мен едім

Менде өзіңдей кен едім

Жібек сынды жеңгемді

Елімнен іздеп кеп едім

Жеңгемді тауып алған соң

Мәдәт тілеп Алладан

Еліме алып жөнедім

Артымнан келе жатқан соң

Не қылып жүрген адам деп

Білейінші деп едім

Мұсылман болсаң мен сені

Қылайын жолдас деп едім

Нәсілің кәпір жау болсаң

Алла ісімді оңдаса

Жаһаннамдай орныңа

Жіберейін деп едім

Сонда Қалмақ сөйлейді

Әуелгі кезек менікі

Соңғы кезек сенікі

Қарсы алдыңа қарасам

Жасың кіші жас ұлсың

Кезегіңді бермейді

176 бет

 

Сансызбай атты жас қыран

Толғана ойын бұрады

Алладан пәрмен сұрады

Қашатұғын қатынға

Кезегін беріп Қалмақтың

Қасқайып қарап тұрады

Атаңа налет қу Қалмақ

Қорамсаққа қолсалды

Бір салғанда мол салды

Садақты қолға алады

Толықсып тұрған баланы

Толғап тартып қалады

Кірістен оғы кетеді

Сансызбайға жетеді

Тоғыз қабат сауыттың

Сегізінен өтеді

Жыртыла жаздап сауыттың

Қатарлаған жағасы

Сансызбайдың басынан

Қабыл еді таубасы

Өтер еді онанда

Жібермеді бұл уақыт

Қаусы қияс қырық шілтен

Болған екен панасы

Сансызбай сонда жылайды

Қор қылма деп кәпірге

Алладан медет сұрайды

Ырақым қылсаң бар Құдай

Бәндаңның иесі Құдайды

Құдыреті күшті Құдайым

Бір Өзіңе жылайын

Көргенім жауды осы еді

Қайратымды сынайын

Құдыреті күшті Құдай ау

Батар күнмен батайын

Қалмақты менде атайын

Ырақым етсең ия Алла

Қу Қалмақты өлтіріп

Қызығына батайын

Бұлайша толған Сансызбай

Қорамсаққа қол салып

Бір салғанда мол салды

Садақты қолға алады

Қалмақ ердің қасы деп

Қақ жүректің басы деп

Толғай тартып қалады

Зырқырап оғы кетеді

Қалмаққа таман жетеді

Көкірек қосқан көбедей

Зарлау менен кетеді

Бұдан да әрмен кетеді

Бір төбеге жетеді

Үй орнындай бір жерді

Төңкеріп тастап кетеді

Оқ тоқтаған күйінде

Қорен аттан құлады

Туы қолдан ұрады

Лайла мала оқ деп

Балам Қалмақ сұлады

Жығылғанын Қалмақтың

Қасына жетіп барады

Түсе қалып Сансызбай

Басын кесіп алады

Қаз мойын қара тұлпарды

Жетегіне алады

Тоқта Жібек тоқта деп

Менен көңілің жоқ па деп

Жібекке атой береді

177 бет

 

Атой беріп жүргенін

Шеге мен Жібек көреді

Қуаныш қылып тұрғанда

Сансызбай да келеді

Шүкір қылып Аллаға

Кәпір жаудан  құтылып

Еліне аман келеді

40 күн ұдай той қылып

Ата-анасы қуанып

Сансызбай Жібекті алады

Сипатын көріп Жібектің

Ел жұрты қайран қалады

Бар Құдая бар пәндаңды өзің оңда

Айналды жұмысымыз енді оңға

Қызжібек ұйықтап жатып бір түс көріп

Жорытты Сансызбайға түсін сонда

Түсімде бір топ қарға көрдім дейді

Соңынан бір тұйғынның ердім дейді

Сап қылды көп қарғаны жалғыз тұйғын

Қызығын тамашалап тұрдым дейді

Қалмақтың көп әскері келеді екен

Тілекті біздің Құдай береді екен

Қарғаны Тұйғын қырған біз болармыз

Бәрі де келген Қалмақ өледі екен

Сансызбай мұнан кейін жұртын жиды

Ғазатыға Құдай үшін жанын  қиды

4-5 күн мұнан кейін өткеннен соң

Көп әскер келет деген қабар келді

Әскерден Қаршыға оза жүрген екен

Өліге қан Құданың көрген екен

Бұл істі кәпір білсе жарамас деп

Әскерді басқа жолға бұрған екен

Бұған да иланыпты кәпір надан

Кәпірлер шүбәланбайт Қаршығадан

Қореннің бұйрығымен қосып алған

Бар еді мұсылманнан 20 адам

Қаршыға бәрін бастап алып келді

Бір өзің ондай көр деп уа Тағалам

Сансызбай түстік жерден қарсы жүрді

Ел жұрты көп  қалайық соңына ерді

Ойында кәпірлердің ештеме жоқ

Бөліп 20 адам бұрын жүрді

Келген соң сол Қалмақтың бәрін қырды

Бояды қызыл қанға қара жерді

Тамаша Жағалбайлы жұрты көріп

Қайратын Сансызбайдың көзбен көрді

Бақ берді жас балаға патша Құдай

Қалмақпен ұрысады 3 күн ұдай

Кәпірді әбден қырып біткеннен соң

Қайнына қайтып келді ер Сансызбай

178 бет

 

Қайнына қайтып келді ер Сансызбай

Құрметтеп шықты алдынан Шекті шулай

Қуанып елі-жұрты шатланысып

Қайтадан тойын құлды қан Сырлыбай

Жібектің ата-анасы қылды тойды

Қайғының іштерінде бәрін жойды

Білмеймін қанша екенін кім санапты

Әйтеуір қисабы жоқ малды сойды

Сый беріп келген жанды кет демеді

Сүйегін дұшмандардың күйретеді

Шаһиза жүр түйеге сау арытып

Жібекті қайта еліне жөнелтеді

Жөнелді ойын бітті, тойда бітті

Сансызбай күйеу болды бек құрметті

Сапардың басы қайғы арты той боп

Еліне ер Сансызбай аман жетті

 

Монтай би Келденбай

Қазақтың Есімханы болған кезде,

Жау жорық жапан түзге толған кезде.

Бар екен Монтай атты жалғыз биі,

Ұруы Ойпаң Қыпшақ Орта жүзде.

Монтайды ел қадырлы көреді екен,

Сөзіне өнеге деп ереді екен.

Ер ұлып, ел күйзелген Би болса да,

Монтекем жөндесін деп тұрады екен.

Сырт елмен табан аумай тартысқанда,

Теңдігін әділ сабаз алады екен.

Әр елдің Мөңтекеңдей ағасы жоқ,

Болса да ондай ердің бағасы жоқ.

Жалғыз-ақ ел мен ердің ойлатының,

Өзі өлсе Монтекеңнің баласы жоқ.

Сол кезде алпыс бесте Бидің жасы,

Қуантып етек тартар жоқ баласы.

Бұшпағы қанамаған бәйбішенің,

Қайғысыз күн өткізер жоқ қарасы.

Тоқалдан жалғыз туған Қайыркелді,

Би түгіл қуанып еді барлық елде.

Бір тойда аруананың көзі тиіп,

Күнінде құлыншақтай  олда өлді.

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: