Төлеген сонда сөйлейді
А жеңеше-ау, жеңеше-ау
Түс түлкінің боғы дүр
Әр неме демеші ау
Жаратқан мұны бір Құдай
Өлім десе көңілім жай
Атамның атын айтайын
Қалықтан асқан Базарым
Қой ішінде марқа дейді
Омырауда ділда алқары
Анамның атын айтайын
Алпыс жасар Қамқары
Жібегім неге қорқады
Жақсы жаман болса да
Алланың болар әмірі
Жалғыз ағаш кесілсе
Қуарып қалар тамыры
Қараша боп жауды қар
Дұшманның болар бейлі тар
Сәлемде Жібек қорықпасын
Олай-бұлай боп кетсем
Еш жаманға қор қылмас
Сансызбай атты інім бар
Шын тілесе пәндаға
Тәңірім тілек береді
Көктемде мұнда кеп едім
Енді қыр боп келіп еді
Елімнің ақын көсемі
Батыр Шеге дер еді
Ақылға диқан ер еді
Олай бұлай боп кетсем
Сансызбайға басшы боп
Еліңізге келеді
Тірі тұрса жанымыз
Көктем шағы болғанда
Қазбен бірге келем деп
Не салсада Құдайым
Жібек үшін көрем деп
Жеңгесіне қоштасып
Қос Алла деп жөнелді
Әлқисса Төлеген еліне келіп, қайта кеткені Ақжайыққа
Асып туған Төлеген
Жағалбайлы халқынан
Жабдықтап атын мінеді
Гауһар лағыл алтыннан
Жолдас ермей қасына
Жалғыз кетіп барады
Бір ғашықтың зарынан
Қаздың даусын есітіп
Сабыр қылып тұрмады
Дүнияға көңіл бұрмады
Кетіп бара жатқанда
Сансызбай жылап жүгірді
Төлегеннің артынан
Рахымы түсіп басына
Көзден аққан жасына
Қу бауырды қия алмай
Қайырылып келді Төлеген
Сансызбайдың қасына
Сансызбайдың Төлеген
Беуана болды басына
Бала келді жүгіріп
Аш күзендей булығып
Төлеген тұрды кетелмай
Қабырғасы сөгіліп
Көзімнен ағып қанды жас
Қаздай ғып бауырласып
Төлегеннің сүйегі
156 бет
Артынан қуып келген інісі Сансызбаймен қоштасқан жері
Бордай болып егіліп
Алдына жылап келгенін
Ат үстінен Төлеген көтеріп алып
Көтеріп алды інісін
Қабырғасы сөгіліп
Сансызбай сонда сөйледі
Жыламайын көкежан
Өзіңдағы жыламай
Көзің жасың ти дейді
Жылап отыр ата-анаң
Сапарыңды қи дейді
Көп жолдаспен барсайшы
Елі жұртың жи дейді
Жалғыздың ісі қиынды
Жалғыз қайтып барасың
Менің жайым мінекей
Танымаймын ешкімді
Сен кеткесін көкежан
Кемпір-шалдың қасында
Өзім жалғыз, өзім жас
Болармын кімге сый дейді
Бұл барғаннан келмесең
Қайғыменен қан жұтып
Қобыз алып қолыма
Тартармын сонда күй дейді
Төлеген сонда сөйлейді
Айналайын қарағым
Жауға барсам жарағым
Қабырғамда қанатым
Атымдағы құйрығым
Жетегімде жанатым
Жібек сынды жеңгеңді
Әкелгелі барамын
Бендесін құдай қарғаса
Қабыл болмас таубасы
Айтып қалған Жібектің
Жақындап қалды уағдасы
Үйде түзде болсада
Недеп қашып құтылам
Басы жұмыр бәндасы
Құдыретіне Алланың
Бенденің жоқты наласы
Қай іске талап қылмайды
Жер бесікке кіргенше
Адамзаттың жамбасы
Айналайын Сансызбай
Қолғанатым құйрығым
Судан шыққан сүйрігім
Суырылып озған жүйрігім
Көрмей бәндә қояр ма
Ауылында Алланың
Тағдырда жазған бұйрығын
Тірі болсам қарағым
Жеті айда келемін
Ажал келсе Алладан
Үйде болсам да өлемін
Амандық бер деп жолына
Құдайдан сенде тілегің
Кешірсін Алла бенденің
Асылық еткен қатасын
Тілімді алмай кетті деп
Бермеді әкем батасын
Басыма Құдай салғанын
Тоқталмай мен тұрмын
Ғашықтықтың қапасын
Қызжібектің дертінен
Көрейін деп барамын
Бейнетін жолдың жабасын
Мен кеткен соң қарағым
157 бет
Кемпір шалға ие бол
Ғинаят тіле Құдайдан
Мәдәт тіле пірлерден
Ақылмен ойлап іс қылғыл
Көзіңді кімге сатасың
Тілімді алмай кетті деп
Ырзалық әкем бермеді
Әкемнен қорқып жаныма
Жалғыз жолдас ермеді
Сөзімді тыңда қарағым
Алды-артыңа қарағың
Мұратыңа жеткізсін
Қарағым сені бір Құдай
Көк буырлы тұлпар бар
Биыл құнан былтыр тай
Қас қылмаса Құдайым
Мінетұғын бас атың
Шырағым саған сайма-сай
Ат болған соң мінгейсің
Алтын балдақ, ақ семсер
Саған арнап соқтырып
Будырып кеттім кілемге
Аш беліңе ілгейсің
Талап қылып әр іске
Теңіңмен ойнап, күлгейсің
Жеткіншегім Сансызбай
Жақсыменен жанасып
Жұрт қадырын білгейсің
Бәдәнә көзді көруге
Тоғыз қабат ақ сауыт
Саған арнап соқтырып
Будырып кеттім кілемге
Оны үстіңе кигейсің
Олай-бұлай боп кетсем
Еш жаманға қор қылмай
Асыл туған Жібекті
Өзің бір алып сүйгейсің
Шағыңа Құдай жеткізсін
Үстіңе баса киіп ал
Алтыннан сауыт көбені
Жау дегенде жайнатып
Тұлға малап, құлша ал
Қозы жауырым жебені
Сапар шегіп жол жүрсең
Жолдасың жауға алдырмас
Басшы қылғыл Шегені
Айтқаны болмас адамның
Алланың болар дегені
Бұл сөзді айтып Төлеген
Сансызбайдың бетінен
Үш қайтара сүйеді
Жерге алып қойып інісін
Қол үстасып қоштасып
Қош Алла деп жөнеді
Бектер мінер сұр қасқа
Шабалмаса ұр басқа
Батырлық, байлық кімде жоқ
Ғашықтың жөні бір басқа
Базарбайдың Төлеген
Ерте туған кебеген
Жайыққа қарай жол тартып
Алладан пәрмен тілеген
158 бет
Теңіз бен Жайық арасы
Үш айлық жол екен
Үш айлық жерлерде
45 күндек отасы
Атырабы шөл екен
Шөл жазира шетінде
Қоспа деген көл екен
Өзі казап қарақшы
Мекен қылған жер екен
Төлеген сынды мырзаның
Жалығып жалғыз келгенде
Соғып кетер жері екен
Атаңа налет Бекежан
Қызжібектің сыртынан
Көп ғашықтың бірі екен
Баяғы алпыс жігіт қасында
Төлегенді келер деп
Қос обаның көлінде
Жолда тосып жүр екен
Төлеген тап сол күні келмес
Астықтары таусылып
Қайта туған күні екен
Құланнан атты құдықты
Көлден тартты бұрықты
Арада неше қоныпты
Жетеміз деп зорықты
Тұлпардан туған көк жорға ат
Жүз күндік алыс жолынан
45 күндік шөлінен
17 күн су ішпей
Шөлдеу менен зорықты
Шөлдегенін Төлеген
Атынан көңілі торықты
Жақындап суға келгенде
Бесін намаз болғанда
Базарбайдың Төлеген
Бір шу болған шаңға жолықты
Шаңға таман салады
Қасына жетіп барады
Алдынан шығып алпыс жау
Төлегенді қамады
Базарбайдың Төлеген
Алды артына қарады
Бесінде жаумен асытып
Намаз дігер болғанда
Алдырмай кетіп барады
Еркімен аты жеткенсін
Жау ортаға алады
Сол уақыттар болғанда
Көк жорға тұлпар жануар
Шөлдеуменен зорығып
Басын да жерге салады
Жау қаумалап жеткенсін
Атынан қайыр кеткенсін
Базарбайдың Төлеген
Тәңірге қылды наланы
Құдыреті күшті Құдая
Батар күнмен батайын
Өзінен бұрын айтайын
Тым болмас Құдай ау
Бекежанды өлтіріп
Жастығымды алып жатайын
Мұсылман болса бұл жаулар
Жақындап жауап қатайын
Атым шаршап бұл жерде
Қайратым менің жасыды
От боп жанған көңілім
Су сепкендей басылды
Жүгірмек өлім қылмаққа
159 бет
18 жаста алмаққа
Жазыппең Тәңір жасымды
Құдыреті күшті Құдаия
Алыстан жарға ғашық қып
Әуреге салдың басымды
Бұл сөзді айтып Төлеген
Қорамсапқа қол салды
Бір салғанда мол салды
Садақты қолға алады
Толғап тартып қалады
Кірістен оғы кетеді
Топ Арғынға жетеді
Селдіреген шетіннен
Жетеуінен өтеді
Енді оғын алғанша
Қорамға қолын салғанша
Атаңа налет Бекежан
Арғыннан шыққан қу екен
Әкті болған сұм екен
Бір Құдайды паналап
Жеткен екен жағалап
Төлегенді атқалы
Алпыс қадам жақындап
Жақындап келіп тұр екен
Мылтыққа білте басады
Ауыр оғы асады
Төлеген сынды мырзаның
Қанын судай шашады
Қой боғындай қорғасын
Ажал болып жабысты
Атаңа налет Бекежан
Жібермеді намысты
Базарбайдың Төлеген
Толқып атта тұрғанда
Қолтығынан сүйейтін
Табылмады танысы
Бекежан атқан жалғыз оқ
Маңдайынан ұрады
Алтынды сүйек Төлеген
Толқып аттан құлады
Алланың салған қорлығы ай
Иттердің қылған зорлығы ай
Базарбайдың Төлеген
Жалғыздық түсіп есіне
Қамығып сонда жылады
Атаңа налет алпыс ит
Банде өзі берсін деп
Қорлықпенен өлсін деп
Ентелеп келіп тұрады
Бұл жібердім қалаға
Бейсағат күн шығып ем
Жолықтым мұндай пәлеге
Қарға құзғын жемесін
Жасыра кеткің жүзімді
Замандас едің жақсы аға
Пұл жібердім бақшаға
Қызыл тіл енді қақсама
Қарға, құзғын жемесін
Жасыра кеткіл жүзімді
Замандас едің жақсы аға
Төлегеннің тілдері
Осы сөзге келеді
Екі, үш сөзге келмейді
Атаңа налет алпыс ит
Не айтасың демейді
Бір баланың олжасын
Алпыс итің бөгейді
Мал опасыз деген сөз
Төлеген мінген көк жорға ат
Су ішіп, оттап алғасын
Бір қара ағаш астында
Ойнақтап басып жөнеді
160 бет